Өскемен
ясно
-10°
  • Өскемен
    -10°
  • Алматы
    +3°
  • Астана
    -7°
  • Ақтөбе
    -4°
  • Актау
    +10°
  • Орал
    +3°
  • Қарағанды
    -5°
  • Көкшетау
    -8°
  • Қостанай
    -8°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -10°
  • Петропавловск
    -10°
  • Тараз
    +4°
  • Туркестан
    -5°
  • Шымкент
    +10°
$
498.55
+0.04
524.28
+1.44
¥
68.76
-0.05
4.75
-0.06
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

«Алдаспанның» жеті үздік оқырманы анықталды

«Алдаспан» облыстық газетіне 30 желтоқсан күні жеті жыл толды. Қазақ танымында жеті - қасиетті сан. Туған күніне орай, «Алдаспан» газеті сүйікті оқырмандары арасында «Үздік жеті тілек» атты байқау ұйымдастырған еді. Мінеки, бұл байқау да өз мәресіне жетіп, үздік жеті оқырман анықталды

«Алдаспан» облыстық газетіне 30 желтоқсан күні жеті жыл толды. Қазақ танымында жеті - қасиетті сан. Туған күніне орай, «Алдаспан» газеті сүйікті оқырмандары арасында «Үздік жеті тілек» атты байқау ұйымдастырған еді. Мінеки, бұл байқау да өз мәресіне жетіп, үздік жеті оқырман анықталды.

Байқау бойынша оқырмандар газетімізге арнап ізгі, игі бата-тілектерін жазып, редакциямызға не электронды поштамыз бен әлеуметтік желідегі парақшаларымызға хат жолдауы тиіс болатын. Ал жүрекжарды, салиқалы тілегін шынайы жеткізе білген, өзгеше ықылас-ниет танытқан үздік жеті оқырманды таңдап алу редакция ұжымының міндеті еді.

Байқау желтоқсан айының соңына дейін бір ай бойы өткізілді. Осы уақыт аралығында газетімізге қариялардан да, оқырман жастардан да әртүрлі хаттар келіп жатты. Ардагер қарттарымыз бен ардақты зейнеткерлеріміз қазақтың игі дәстүрінен жазбай, ақ батасын жазып хат жолдаса, құрметті ұстаздар қауымы өлең шумағын арнап, тілек білдірді. Ал жастар жағы тілекті креативті түрде жеткізуді жөн көрген екен.

Оқырмандардың көбі «Алдаспан» газетін қай кезден бастап оқи бастағаны, оған не себеп болғанын естелік түрінде жазып жолдаса, бірі газеттің өзге баспалардан айырмашылығы мен басымдылығын айтып, ерекшелігін атап өткен. Газеттің дамуына қатысты қалау-өтініштерін де жолдаған жандар болды. Ал кейбір қарттарымыз редакцияға қоңырау шалып, тілек арнады.

- Оқырмандардың белсенділік танытқаны - біз үшін қуаныш. Газет, ең алдымен, халық көкейіндегі мәселені жазуы керек әрі оның қалауын орындауға тырысуы қажет. Сондықтан да бұл байқауды халықпен кері байланыс орнату мақсатында ұйымдастырған едік. Кез келген облыс тұрғыны редакциямызға хабарласып, өзінің мәселесін айта алады. Газеттің өркендеуі мен алға басуына қатысты ұстанымын, өтінішін айтып, ойымен бөліссе болады. Біздің есік кез келген адамға ашық, - дейді облыстық «Алдаспан» газетінің бас редакторы Аяулым Кенесова.

Ендеше, байқауға қатысуға белсенділік танытқан барша оқырманға үлкен алғыс айтып, ризашылық білдіре отырып, үздік жеті оқырманның аты-жөнін жарияламақпыз.

Әсіресе, тілегін қара сөзбен де, ақ батамен де жеткізген әрі газетімізге естелік жазып жіберген «Халық мұғалімі» атағын алған, қарт ұстаз Марат Қанашұлының «7 жасың 70 жасқа ұлассын!» деп құлаштап арнаған хаты редакция ұжымының көңілінен шықты.

- Мен, Марат Қанашұлы және жұбайым Күлия Кенемолдақызы екеуіміз осы жылдың басында немереміздің үйіне қонаққа барып отырғанда, алғаш рет қолымызға «Алдаспан» газетінің бір саны түсіп, сол жерде оқып отырып, газетке деген қызығушылығымыз оянды. Мұны байқаған немереміз, содан бері әр бейсенбі сайын бізге газеттің келесі шыққан санын әкеліп беретін болды, - дейді оқырманымыз естелігімен бөлісіп.

Ал сөз соңында:

Қазақ елі өнсін-өссін, көгерсін-көктесін!

Ақ батаны берейін бере гөр деп тілекті!

Тілекті Алла қолдасын, оң жолына бастасын!

Қыдыр дарысын, бақ қарасын, құт қонсын!

Ел іргесі сөгілмесін, ел ырысы төгілмесін!

Еліміздің Тәуелсіздігі мәңгілік болсын!

Әумин!!!

- деп бата арнаған екен.

Сол сынды газетімізге халықпен бірге болуға үндеу салған зейнеткерлер Мырзахмет Сапаров пен «Алдаспан» газеті жарық көргеннен бері тұрақты оқырманына айналған Нұржамал Әмірова, газеттің ардагер оқырманы әрі рухани байланыс орнатқан пікірлес жанашыры Мәуітқазы Зүкеновтің де тілектері шынайы шыққан.

Ал Нұржанат Ихсанова есімді оқырманымыз тілекті өлеңмен өріп, шумақпен арнап жіберген екен. Тілекші газетке ғана емес, оқырмандарға да ізгі ниет білдірген. Оқырман:

Көп жасаған абыздайын

Ғұмырлы бол, «Алдаспан».

Оқырманың озық болсын,

Көкте күнмен таласқан! 

- деп тілек арнаған екен.

Ұстаздар қауымы атынан үн қатқан Өскемен қаласы «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейінің педагогі Толқын Дюсюпова мен Өскемен қаласының №15 орта мектебінің мұғалімі Клара Тоқтасынова да жеңімпаз атанды. Ал Клара Тоқтасынова өлеңін:

«Алдаспан сынды өткір де...

Өтімді болсын тиражың!», - деп шешімді ұйқаспен аяқтапты.

Құрметті оқырман қауым, газет тарихында қолтаңба қалдыра алған жеңімпаз жандарды жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз!

Следующая →