Өскемен
ясно
-11°
  • Өскемен
    -11°
  • Алматы
    +5°
  • Астана
    -10°
  • Ақтөбе
    -5°
  • Актау
    +9°
  • Орал
    +3°
  • Қарағанды
    -8°
  • Көкшетау
    -13°
  • Қостанай
    -12°
  • Қызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -8°
  • Петропавловск
    -13°
  • Тараз
    +7°
  • Туркестан
    -6°
  • Шымкент
    +8°
$
499.51
+0.96
525.83
+1.55
¥
68.9
+0.14
4.62
-0.13
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Еңселі сусын езгіге салмасын

Жуықта қазақстандық депутаттар энергетикалық сусындарды жасөспірімдердің пайдалануына шектеу қою керектігін айтып дабыл қаққан болатын

Халық қалаулыларының айдың-күннің аманында қадалып сөйлеуіне де негіз бар-ды. Бұрын-соңды бұл сусындардың зияны туралы талай айтылып келсе де, әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмағасын тақырыптың базары тарқап кеткен. Аузының салымы бар ағайындар жараның аузын ашқан соң, сұрқия сусындардың зиянын заң призмасынан өткізу керек болғандай-ақ екен.

Не жеп, не ішетінін аңдамайтын адамдарды сынамаймыз, әркімнің еркі өзінде. Тек алдымен энергетикалық сусындардың шынайы болмысын анықтап берелік. Бұл сусындар туралы барлығымызға танымал ақпарат көзі «уикипедия» да сақтана баяндайды. «Энергетикалық сусындар – жарнама компаниялары адамның орталық жүйке жүйесінің «іске қосылуына» және антиседативті әсер беретініне меңзейтін алкогольді, алкоголі төмен сусындар».

Алдымен, сусындардың құрамына тоқталып өтелік. Бұл сұрақтар төңірегінде Шығыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасынан айтар ойдың ұшығын шығарып көрген едік.

- Энергетикалық сусындар адам денсаулығына қауіпті, - дейді басқарма басшысының орынбасары Ілияс Мұхамеджан. - Бұл қоспа ағзаны лезде сергектендірсе де, оған үлкен зиян келтіреді. Құрамында кофеиннен бөлек, туарин, инозит аминқышқылдары, рибоза және дәрумендер секілді микроэлементтер бар. Кофеин - жүрек соғысының жиілігін азайтатын тахикардияға жол ашады. Жас ағза үшін глюкоза мен кофеиннен тұратын энергетикалық сусын өте зиян. Көптеген энергетикалық сусындардың құрамында көп мөлшерде В дәрумені болады. Бұл жүрек соғысын жиілетіп, аяқ-қолдардың дірілдеуіне себеп болуы мүмкін. Сол сияқты кофеин – жүйке жүйесін әлсіретеді. 3-5 сағаттық белсенділіктен кейін міндетті түрде демалыс қажет болады.

Денсаулық сақтау басқармасының құлаққағыс баяндамасынан соң, қала дүкендерінің бірінен танымал энергетикалық сусындардың бірін сатып алып, бастан-аяқ зерделеп көрген едік. Темір қалбырдың маңдай тұсында Денсаулық сақтау басқармасы ескерткен «туарин, кофеин, В, С, витаминдерінің» қоспасы тайға таңба басқандай көрінеді. Көзге күйік болып тұрған жазбалардың бірі - сусынның өз ұраны.

Әсірелеп айтқан мақтау сөзден бұрын, көзіңді ауыртатын иненің жасуындай жазбалардың сиқы сыр жасырып тұрғандай күдік ұялатады. Маркетологтар да еңсеңді түсіру үшін еріншектігіңнен ұратын қулыққа баратыны аян. Бір қызығы, депутаттар жар салған ескертудің есебі банка сыртында да баяндалады. Құртақандай жазулардан «18 жасқа дейінгі балалардың, егде және қартайған жастағы, гипертониялық аурумен ауыратын, жүрек қызметінің бұзылушылықтары, жүктілік және бала емізу кезінде, сондай-ақ жоғары жүйке қозғыштығы, білінетін атеросклерозы бар адамдарға, ұйқысыздық мазалайтын адамдарға, артериялық гипертензияға шалдыққан адамдарға ішуге тыйым салынады» дегенді көзсағаттап тұрып бір емес, екі мәрте оқи аласыз.

Ескертуін - ескертіпті. Бірақ қандай жолмен? Сонымен қатар, бірқатар фактілерге көз жүгіртелік.

Біріншіден, сатып алынған энергетикалық сусын Мәскеуде дайындалатын өнім. «Уикипедия» ашық энциклопедиясындағы деректерге сүйенсек, Мәскеу облысында 2015 жылдың 1 мамырынан бастап алкогольді құрамына қарамастан жасөспірімдерге энергетикалық сусындарды сатуға шектеу бар.

Екіншіден, «Тамақ өнімдерін таңбалау тұрғысынан» 022/2011 Кедендік одақтың техникалық регламентінің 4.12-бөлімі 1-бөлімшесіне сәйкес, тағам өнімдерінің таңбалануы тұтынушыға түсінікті, оңай оқылатын, сенімді әрі адасуға жол бермейтін, сонымен қатар жазулары, белгілері, символдары таңбаланған жерге қарама-қарсы фонда болуы керек. Тағам өнімдерін таңбалау тәсілі оны өндірушінің сақтау шарттарына сәйкес азық-түлік өнімдерінің барлық сақтау мерзімінде қамтамасыз етілуі керек. Ал бізде ше?

Бұл сұрақтың жауабын ҚР Денсаулық сақтау министрлігі комитетінің ШҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті береді.

- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылдың 16 тамызында бекітілген «Білім беру объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық ережелерінің 119-бөліміне сәйкес, Тәрбиелеу және білім беру нысандарының қоғамдық тамақтану ұйымдарында аталған сусындарды: газдалған, емдік және емдік-асханалық минералды суды, тәтті алкогольсіз сусындарды, алкогольсіз энергетикалық сусындарды, диффузиялық қойылтылған шырындарды пайдалануға жол берілмейді, - дейді департамент басшысының орынбасары Болат Қуанышбеков.

Бізде бұл сусындарға білім беру ордаларында ғана шектеу бар. Бірақ оқушылардың мектепке барар, қайтар жолында сатып алуға тыйым салатын шектеу жоқ. Еңсеңді екі сағатқа көтеріп, екпініңді езгіге салатын сусынды сатуға тыйым заңы тез арада қажет сияқты. Себебі, дамыған елдерді аузынан бір елі тастамайтын билік АҚШ-та, Литвада, Латвияда, Ұлыбританияда бұл сусындарға тыйым салынғанын білмеуі неғайбыл. 

Следующая →