Бесқарағай ауданындағы мәдениет үйі жөндеуден өтті
Бесқарағай ауданындағы мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жергілікті тұрғындар әкімдіктен мәдени ошақты қайта жаңартуларын сұраған болатын. Себебі қысты күндері іші суық болып, келушілердің мазасы кететін
Аталған аудан тұрғындары енді тоңбайтын болды. Бүгінде нысанға толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Следующая →
- Тұрғындар тарапынан Мәдениет үйін жөндеу туралы ұсыныстар жиі түсті. Шынымен де жылу жүйесі дұрыс болмағандықтан суық болған. Бүгінде нысанның көрермен залына, сахнаның шатырына, фойенің едендеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Темір есік ойықтары мен жылыту жүйесінің ескірген радиаторлары ауыстырылды. Сонымен бірге, жылу трассасына жөндеу жүргізілді. Концертке келетін тұрғындар жиі шағым түсіретін. Енді көрермендер тоңбайтын болды. Мәдениет үйі әдемі ғана емес, сонымен қатар, жылы болатын болды, - дейді Бесқарағай ауданының әкімі Шалқар Байбеков.Оның айтуынша, Мәдениет үйінде мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай жасалыпты.
- Мәдениет үйіне келушілерге арналған жылы дәретхана орнатылды. Жаңа дәретханада мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де жағдай жасалған. Атап айтсақ, мүгедектер арбасымен жүру, арнайы тұтқалар және т.б. қамтамасыз етілген. Ішкі дәретхананың құрылысы хореографиялық үйірмелерге баратын балаларға және кітапхана оқырмандарына қызмет етеді. Бұл тұрғындар үшін өте ыңғайлы болды. Сондай-ақ, карантин кезеңінде сахна мен пердені жаңарту туралы шешім қабылданды. Бұл концерт залына жаңа келбет берді, - дейді аудан әкімі.Мәдениет үйінің жөнделгеніне жергілікті тұрғындар да дән риза.
- Мәдениет үйінің жөнделгенін естіп қуанып қалдық. Мәдениет ошағының жарқырап, жайнап тұрғаны жақсы ғой. Қысты күндері концертке бару үшін қабаттап киініп алатынбыз. Іші едәуір суық болатын. Залда отырып сахнада жұқа көйлекпен би билеп, өнер көрсетіп жатқан өнерпаздарға жанымыз ашитын. Сонда қалың киінген біз тоңып отырғанда, олар қалай шыдады екен-ау. Қыста балаларымызды осында болатын үйірмелерге де жібермейтінбіз. Оның бәрі артта қалды. Ендігі арманымыз ел індеттен ертерек айығып, осы жерде мерекелік концерт ұйымдастырсақ тіпті жақсы болар еді, - дейді Айман есімді аудан тұрғыны.