Усть-Каменогорск
малооблачно
+18°
  • Усть-Каменогорск
    +18°
  • Алматы
    +23°
  • Нур-Султан (Астана)
    +22°
  • Актобе
    +15°
  • Форт-Шевченко
    +21°
  • Атырау
    +18°
  • Караганда
    +20°
  • Кокшетау
    +20°
  • Костанай
    +24°
  • Кызылорда
    +27°
  • Павлодар
    +22°
  • Петропавловск
    +11°
  • Тараз
    +22°
  • Уральск
    +13°
  • Шымкент
    +24°
$
479.42
467.91
¥
67.35
8.21
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Актер Едіге Қайыртайұлы: "Киноға түскім келеді"

Едіге Қайыртайұлы - Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театрының көркемдік жетекшісі әрі әртісі

"Жігітке жетпіс өнер де аз", "Жігіт болсаң от бол, от болмасаң жоқ бол", "Ер туған жеріне, ит тойған жеріне" деп мақалдайды қазекеміз. Заңғар Алатаудың бөктерінде оқып тәлім алып, еңбек жолын бастап, ерке Ертістің бойында тәжірибе жинап, ысылып-төселіп, түптің түбі Алтайға оралған кейіпкеріміз туған жерге табан етін беріп, маңдай терін төгіп жүрген жандардың бірі Едіге Қайыртайұлы - Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Үштөбе ауылында 1990 жылы 7 қаңтарда дүниеге келген. 

Едіге қараша айында ғана Алматы қаласында өткен республикалық "100 өлең" байқауына қатысып, бас жүлдені қанжығалап, темір тұлар тізгіндеп келген еді. Оның жеңісіне шығыс жұрты болып қуандық.

Жастардың барлығына баспана берген болатын


- Өскемен драма театрына 2015 жылы қарапайым актер болып келгенсіз. Қазір көркемдік жетекші болдыңыз. Осы аралықта не өзгерді?

- Мен Жастар театрына келмес бұрын үш театрдың сахнасынан өттім. Алматыдағы Ғ. Мүсірепов атындағы театрда 3-курстан бастап оқу бітіргенше жұмыс істедім. Кейін шақыртумен Кереку (Павлодар) облыстық театрына барып 3 жыл қызмет етіп, еңбек жолымды Семейдегі облыстық театрда жалғап, ол жерде 1 жыл жұмыс істедім. 2015 жылы Өскеменге келгенде мен отбасын құрып, екі бала-шағамен келсем, қазір төртіншісін күтіп отырған жайымыз бар. Жастардың басындағы ең үлкен мәселе - баспана алу екені баршаға белгілі. Кереку театры мені Алматыдан алдыртқанда "үйлі қыламыз" деп шақырған болатын. Ол мәселені шеше алмаса да, 3 жыл бойы қолдауын білдіріп, жалдамалы пәтерімнің ақысын төлеп берді. Семейде де тура осындай жанашырлық білдіріп, жылы қабақ танытты, көмектерін аяған жоқ. Өскеменде 2016 жылдың күзінде армандаған баспанаға қол жеткіздім, қазір сол үйде тұрып жатырмыз. Негізі мына бір нәрсені айта кету керек: сол кезде Жастар театрына келген актерлердің барлығына бір-бір үй берді. Драма театрға бөлінген 20 пәтермен ең әуелі Жастар қамтамасыз етілді, одан кейін "Қазақ" театры мен орыс театрының ұжымына сыйлады. Кейінгі 3 жылда жақсы-жақсы қойылымдарда басты рөлдерге бекітілдім. Астана, Алматы, Ақтөбе, Қызылжар, Орал қалаларына гастрөлдік сапармен барып, тәжірибе алмасып қайттық.


- Ақынның ұлы, ақынның інісі, театрдың белді мүшесі ретінде ұлт мүддесіне қалай қызмет қылып, қандай үлес қосып жүрсіз?

- Ұлт мүддесі дегенде ең бірінші айтылатын тіл, дін, руханият, мәдениет, өнер жайы. Осы тұрғыдан келгенде ел үшін еміреніп, алдыңғы шепте жүрген ағалар бар. Мен олармен бір қатардан табылмасам да, солардың сапында жүрген адаммын. Бас салып өзгені түзетпей, үйде өсіп келе жатқан өзімнің балаларыма қазақы тәрбие беру, қазақтың кім екенін танытып, сапалы ұрпақ қалыптастыру - ұлттың келешегіне қосқан үлесім деп білемін.

- Саясатқа араласасыз ба?

- Әлемдегі, Қазақстан-дағы саяси ахуалды қалт жібермей қадағалап отырамын. Бірақ өз пікірімді, азаматтық көзқарасымды білдірмеймін. Оған ешқандай кедергі жоқ. Бар болғаны "жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас" дегеннің кері. Мен қанша бақылдағанмен, айналамнан тыңдар құлақ табылса көрім. Оған қоса өз ойымды батыл түрде ашып айта алатын деңгейге жете қойдым деп санамаймын.


Өскеменде қолдау бар, бірақ жастар кетіп жатыр


- Театрдың жанайқайы қандай? Ақсап тұрған тұсы не?

- Өз басым кемшіліктерден гөрі артықшылықтарды көп байқаймын. Мысалы, алғаш келген жылдармен салыстырғанда көрермен саны едәуір ұлғайған. О баста орыс театрының спектакльдері болғанда таңғалатынмын: зал лық толы болады, қойылым 2-3 сағат жүреді. Ер азаматтары костюм-шалбармен, әйелдері кешкі көйлекпен келіп, үзілісте буфетке барып аққайнар (шампан), шараптарын алып ішіп, өздерін интеллигент өкілі ретінде ұстап, еңселерін тіктеп, ақсүйектер секілді жүретін. Мен ондайды еш жерден көрмеппін, тіпті Павлодардағы орыс театрынан да. Ал бізде ондай болмақ түгілі, көрермен дұрыс жиналмайды. Бір күні қарасаң әскерлер толып отырады, бір күні қарасаң тек студенттер келіп отырады. Ал қазір көп болмаса да өз аяқтарымен келіп, өз қолдарымен билет сатып алып келетін, соңына дейін көретін тұрақты көрермендердің көбейгені қуантады. Қынжылтатыны, облыс әкімінің бастамасымен театр ашылғанда Алматы мен Астанадан оқу бітіріп келген жас актерлардан қазір үш-ақ адам қалды. Ал біз бастапқы құраммен бір қойылымды қоямыз, солармен дайындаламыз. Олар кеткен соң, орнына келген жаңа құраммен спектакльге қайтадан дайындалу керек болады. Бұл да бір үлкен әуре. Күйінетінім, кім келсе де үй беріледі, жалақы төленеді. Соған қарамастан әрі кетсе бір, бір жарым жыл істеп кетіп қалады. Тіпті кешкі дайындыққа қалатын әртістерді үйлеріне жеткізу қызметі де бар бұл жерде. Мен ондайды басқа бір театрдан кездестірмеппін. Өзім жұмыс істеген басқа театрлармен салыстырғанда Өскемендегі спектакльдің толыққанды, сапалы шығуы үшін қаражатты аямайды, өте жақсы демеу жасайды. "Басшылық дұрыс қолдау жасамады" деп айту біз үшін ұят. Сол үшін көрермендерге татымды дүние ұсыну - режиссер мен актердің міндеті.


Еңбек бағаланса да, актерлердің жалақысы аз


- Жалақыңыз қанша?

- Мен былай жауап берейін. Өскемен Жастар театрының актерлерінің алатын жалақысы 100 000-150 000 теңге арасында. 2020 жылдың қаңтарынан бас-тап 35% қосылады деген болатын, бірақ уәде етілген мөлшердегідей болмады. Сол кезде теледидардан әртістер қауымының жалақысы ең кемі 200-230 мың болады дегенді өз құлағыммен естідім. Басқаларды білмеймін, біздің театрда ондай жоқ.

- Еңбектеріңіз бағаланып жатыр ма?

- Әркім өзі үшін тер төгеді ғой. Дегенмен, еңбек бағаланбайды деп айтуға келмес. Баспана беріп, қолдауды жасап-ақ жатыр. Алайда халықтың өмір сүру деңгейіне, нарықтың бағасына қарайтын болсақ - жалақы жетпейді, аздық етеді. Оның жасыратын түгі жоқ.

- Сүйікті театрыңыз қандай? Мойындайтын үздік актеріңіз кім?

- Студент кезімнен танитын Нұрқанат Жақыпбай деген режиссер бар. Сол кісінің Астанада өзі ашқан Жастар театры бар. Ол театр шеберлік, көркемдік, кәсібилік жағынан өте жоғары деңгейде деп есептеймін. Өз театрымның жұмыс тәртібін сол ұжымның жүйесіне жақындатсам, ұқсатсам деп ойлаймын.


Карантинде 200 кино көрдім


- Кино әлеміне бет бұру жос-парда бар ма?

- Мен үшін Қазақстанда кино жанры енді-енді еңбектей бастаған баланың кейпінде сияқты. Жалпы киноға қай жаста болса да түсу кеш емес. Әрине, болашақта түскім келеді. Ішімде ондай арман бар. Оның үстіне мен әлі ізденіс, толысу үстіндемін. Келешекте мықты режиссерлер іріктеліп, жақсы киноларға әділ кастингтер ұйымдастырылса бақ сынап көреміз, жұлдызымыз жанар деп үміттенемін. Кино демекші, осы карантин уақытында үйде жатып 200-ге жуық кино көріп тастадым. Голливудтың фильмдеріне таңдай қағамын. 3 жасар баланы да ойнатып жібереді. Режиссерлердің мықтылығы ма, әлде өздері туа бітті әртістікке бейім бола ма, білмеймін. Олардың жанында біздің киноларға әлі де болса шынайылық жетіспейді. Әйтпесе, жарық жұлдызға айнала алмай жүрген небір керемет актерлер бар.

Сыр сұхбат үшін көп рахмет! Еңбегіңізге жеміс, толағай табыс тілейміз!
Следующая →