Усть-Каменогорск
ясно
+14°
  • Усть-Каменогорск
    +14°
  • Алматы
    +16°
  • Нур-Султан (Астана)
    +20°
  • Актобе
    +21°
  • Форт-Шевченко
    +21°
  • Атырау
    +22°
  • Караганда
    +16°
  • Кокшетау
    +19°
  • Костанай
    +20°
  • Кызылорда
    +26°
  • Павлодар
    +16°
  • Петропавловск
    +19°
  • Тараз
    +18°
  • Уральск
    +20°
  • Шымкент
    +20°
$
447.4
-1.49
477.55
-0.38
¥
61.81
-0.21
4.76
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Бекжан Тұрыс: "Ішкі ағзамыздың бәрі өтірікпен уланған"

Шығыс Қазақстан облысына Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры гастрөлдік сапармен келген еді. Қала тұрғындары мен қонақтары қазақ өнері қарашаңырағының жауһарларына айналған спектакльдерін тамашалап, рухани байып, саф өнердің кереметіне тамсанып қайтты

Осы орайда театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекжан Тұрыспен сұхбаттасудың реті келді.


Бір сұхбатыңызда "ойшыл адаммын" депсіз. Не ойландырады?

- Есті азаматты ойландыратын дүние көп қой. Бүгінгі ұрпақтың тәрбиесі, қоғамдағы әртүрлі мәселелер сияқты дүниелер ойландырады. Бүгінгі қазақтың күйі, халықтың ащы запыранға айналған мұңы ойландырмайды дейсіз бе?! Біз көптеген ұлттық құндылықтарды жоғалтып алдық. Батыстық талғамды пір тұтуға айналдық. Өзіміздегі барды місе тұтпайтын болдық. Жалпы қазір көп дүниені саясатпен байланыс-
тыра салатын болдық. Бәрінің ұлы болғысы келеді. Бұның бәрі азаматтық позицияның жоқтығы шығар. Ішкі ағзамыздың бәрі өтірікпен уланған. Өтірік ғұмыр кешуді өмір сүрудің негізгі тірегіне айналдырып алдық. Парақорлық пен бәлеқорлық белең алып барады. Жағымпаздардың жарапазанын айтып жүрген бүгінгі жандарды көргенде түңілесің. Осының бәрін көргенде жүрегің айниды, ойланасың.


"Саясатпен байланыстыра салатын болдық" дедіңіз. Билік пен халықтың арасы қаншалықты жақын?

- Халық пен биліктің арасындағы байланыс алшақтап кетті. Билік халықтың тілін түсінгісі келмейді. Өйткені қорқады. Мысалы, өзімізге жақын өнерді алып қарайықшы. Таланттылардың барлығы сыртта жүр. Дарынсыздар ағалары мен көкелерінің арқасында өнердің төріне шығып алды. Сол сияқты билікті де дарынсыздар билеп-төстеп отыр. Қазір нағыз талантты, елдің мүддесін ойлайтын, ұлттың қамын жейтін азаматтардың көбі бос жүр. Мықты жігіттер жоқ емес, бар. Соларға мүмкіндік бермей отыр. Әлі сол билікте бұрыннан келе жатқандар отыр. Орындарынан қозғалғысы келмейді. Билік оларды қозғағысы да келмейді. Қозғаса, арты ашылатынын біледі.


Аналардың көшеге шығуы амалдың таусылғандығы ма?

- Адам ашынған соң көшеге шығады. Біз соған жеткіздік. Қайбір жетіскенінен аналар алаңға шығады. Жағдайы жақсы болса, баласын бағып отырмай ма?! Шыдамның шегі таусылған соң барды алаңға. Ал оларға ақылмансып, ақыл айтып жатқандар көп. "Қай елден көрдіңдер әйелдерді билікке қарсы салғанды" деген сияқты. Кешірсін. Біздің осылай ұлт болып ұйысуда әйелдердің еңбегі жоқ деп айта алмайсың. Кешегі етігімен су кешіп, ауыздықпен су ішкен заманда да қарашаңырақтың артын бағып, аман сақтап қалған сол аналарымыз. Өкінішке орай, бүгін сол аналардан туған балалардың көбі ақыл айтқыш болып кетті. Ақыл айту үшін сол кісінің жағдайын түсінуге тырысу керек. Бізде ұран көп, ұлтқа қызмет жоқ. Қоғамның тамыршысы көп, емшісі жоқ.


Қазақтың қай мінезі мен қасиетін жоғалтып алдық?

- Ұлттық құндылықтарымыздың көбін жоғалтып алдық. Біз тәуелсіздік алғаннан кейін шекарамызды айқара ашып тастадық. Сол кезде шетелдіктер не әкеліп, не әкеткені туралы сұрау болған жоқ. Осылар қазақтың байлығымен қоса, бүкіл рухани құндылығын ұрлап кетті. Ең басты құндылық - дәстүіріміз еді. Қазақ "Керегені басқұр, ұлтты дәстүр ұстайды" деген. Ұлт өзінің салт-дәстүрінен жаңылып қалды. Үлкен мен кішінің, әке мен баланың, әйел мен еркектің арасындағы қарым-қатынастардың шырқын бұзып алдық. Қазақтың бойында "мейірім" деген ұлы ұғым бар еді. Осы бір таудай ұғымды, тарыдай сөзге сыйдырған халық едік. Сол ұлы ұғымның шырағын сөндіріп алдық. Анау "Сақтардан қалған салтым бар, ғұндардан қалған ғұрпым бар, түркіден қалған жұртым бар" еді. Соның бәрін қазақы қазыққа байлаған ел едік. Сайын даланың төсіндегі сақтардан қалған сарқытты жоғалттық. Біз өсіп келе жатқан ұрпаққа не беріп жатырмыз?! Ақселеу Сейдімбеков ағамыз айтады: Адам баласы жер бетінде қадір тұтып, қастерлейтін үш ғажайыбы бар. Оның біріншісі - нан, екіншісі - әйел, үшіншісі - кітап. Біз қазір осы үшеуінің де қадір-қасиетін ұмыттық. "Жесірін әмеңгер, жетімін кемеңгер" еткен халық едік. Ал қазір жетімің саудаланып, жесірің дауға қалып жатыр. Осындай құндылықтарымзды, салт-дәстүірімізді, ғұрпымызды құрдымға жібердік.


Осы құндылықтардың жоғалуына қариялар мектебінің жоқтығы әсер етіп жатқан жоқ па?

- Қариялардан бұрын даланың даналық заңына бағындық. "Бір қарияның кесімді сөзі - еліңді, бір кемпірдің кесімді сөзі - келінді тәрбиелеген" жұрт едік. Қасиеті қауым елге қазық, өсиеті қауым елге азық болған қарияларымыз бар болатын. Бір ауылды уыздай ұйытып отыратын. Ал бүгінгі таңда биліктің білегін сүйген шалдар көбейіп кетті. Бұрынғылар ақсақал, қария, шал ұғымдарын жіктеп, жіліктеп айтып кеткен. Солардың ішінен шалдар ғана қалған сияқты. Бұрын әке, бала, немере үшеуі ошақтың үш бұтындай болатын. Қазір үшеуі үш жақта. Бір-бірін түсінісуден қалып барады. Баяғыда бір-бірін ыммен түсінісетін, қазір дым түсінбейтін халге жеттік. Ұлттық тәрбиенің тізгінін босатып алдық. Қазір қатыгез ұрпақ өсіп келеді. Баласын туып далаға лақтырғанды қойып, нан қоқымын жерге тастатпайтын қазақ едік қой. Қазір баланы дәретханаға лақтыра салатын болды. Осының бәрі дала заңы жойылып, қариялардың қатары азайғандықтан да болар.


Ұрпақ санасын уланудан сақтайтын ұлттық бағдарлама неге жоқ?

- Бізге елді, ұлтты біріктіретін саналы, рухани бағдарлама керек. Ол осыған дейін де талай мың мәрте айтылды. Қазір билікте отырғандардың аузы буылып отыр. Билік тізгінін ұстағандардың ешбірі бұл тақырыпты қозғамайды. Анау "Рухани жаңғыру" бағдарламасын өтірік ұранға айналдырып алдық. Ақша шашудың жолы болып кетті. Ұран көп, ұлтқа қызмет жоқ.


Қоғамның қай саласында да сын айта алатындар жоқ сияқты?

- Өнер саласына тоқталайын. Сын айтатын бар да, тыңдайтындар жоқ. Өйткені, "тәрбиесіз өскен талантқа ақылдың керегі жоқ" дейді. Жұлдызбыз дейтіндер көбейіп кетті. Актердің ең үлкен кемшілігі - сынды көтере алмайды. "Өтірікші шынды көтере алмайды, өкпешіл сынды көтере алмайды" дейді ғой бұрынғылар. Қазір сын айтсаң, ол сенің көзқарасың дей салатын болды. Мысалы, дәрігерге барып қаралсаң ауырған жеріңді айтады ғой. Бауырың ауырады екен десе, жанталасып емделесің. Сынды да солай қабылдаса ғой. Біз керісінше қабылдаймыз.

Билікте отырғандар да бір-біріне мүлде сын айтпайды. Бір-бірінің қателігін айтпайды. Үлкеннің кемшілігін айтсақ көрінбей қаламыз, жастардың кемшілігін айтсақ көмілмей қаламыз деп ойлайды. Сын түзелмеген соң, мін түзелмей жатыр.


Актер өзі ойнаған образдан шыға алмай жүретін кездер бола ма?

- Ондай жағдай көп бола бермейді. Образды зерттеп, зерделеу барысында аздап сол күйде жүресің. Сахнадағы образ сәттік қана нәрсе ғой. Сондықтан арқаңнан жүк түскен соң өз болмысыңда өмір сүресің.


Жас актерларға көңіліңіз тола ма?

- Бәрін бірдей керемет деуге келмейді. Көңіл толмайтын, қарынды ашыратын актерлер де жоқ емес. Өнерде жүргендердің бәрі дарын емес. Талант табиғаттан берілетін дүние. Шын талант Алла тағаланың назары ауған кісіге ғана қонады дейді. Мен саханада жүргендердің барлығын шын талант деп айта алмаймын. Біреудің талантын қызғанғаннан айтып отырғам жоқ бұны. Маған актерлық өнер дала табиғатымен берілген деп ойлаймын. Далада, қойлы ауылда өстім. Қариялардың көзін көріп өстім. Сол қарттарға терме, жыр айтып беріп батасын алдым. Біз ізденгіш болдық. Менің де балам өнерде. Бірақ ізденгіш деп айта алмаймын. Мен, тіпті, ұлымды өнерге жолатқым келген жоқ. Өйткені бүгінгі өнердің қадір-қасиеті азайып кеткен. Фариза Оңғарсынова айтады:

Қадір қалмай талант пен өнерде түк,

Өмір кетіп барады өлеңдетіп.

Адамдар жүр жердегі адам құнын

Жылдан жылға өздері төмендетіп.Өйткені мен өзім өнерде жүргеннен кейін кешегі мен бүгінгі өнерді салыстырып қараймын. Қадірі кетіп барады.


Отандық кино өнеріне қандай баға бересіз?

- Мен саханаға ғашық адаммын. Осы уақытқа дейін көптеген кинолардан бас тарттым. Қазақстандық кинолардың дауысы тым жасанды. Кино түсіретіндердің көбі актерлерді көшеден алады. Ондағы мақсаты - ақшаны үнемдеп қалу. Сол әрекет отандық кинолардың бет-бейнесін құртып жатыр. Қазақтың бұрынғы киноларын көрсең, тілі қандай шұрайлы, үні қандай жағымды. Бүгінгі жастар өткеннен өнеге алып, жаңаның биігіне ұмтылуды білмейді.


Киноның осы жасандылығынан шаршаған халық театрға бетбұрған сияқты?

- Ол да мүмкін. Театр көрермендері көбейіп барады. Өйткені театр жанды. Таспаға жазылмаған кино деуге болады. Театрдағы әрекет екі рет қайталанбайды. Ал кинода бір әрекет мың мәрте қайталанып барып, таспаға жазылуы мүмкін.

Шығыстағы көремен мәдениеті көңіліңізден шықты ма?

- Көңіл толмайды деп айта алмаймын. Қойылымды түсініп көріп, жақсы қабылдап отырған көрермендер болды. Шығыс Еуропаның театр мәдениетін сіңіріп өскен халық қой. Көрермен мәдениеті бар.


Следующая →