Тарбағатайда жоғалған үйір-үйір жылқы Зайсан өңірінен шығып жатыр
Зайсан ауданындағы таулы аймақтан Тарбағатай ауданында жоғалған бес үйір жылқы табылған
Әлеуметтік желіде осы мәселеге қатысты видео тарап жатыр. Өзін Ерболат Рахимов деп таныстырған видео авторы Тарбағатай ауданының тұрғыны екенін айтады. Ол жоғалған жылқылар табылған жерді видеоға түсіріп, оқиғаның мән-жайын түсіндіруде.
Айтуынша, Тарбағатай өңірінде 2017 жылдан бері жоғалған жылқыларды Зайсан ауданындағы Темірсу деген жерінен тапқан. Үйір-үйір жылқының кімнің қорасынан шыққанын және барымташылықтың басы-қасында кім жүргенін де атап тұр. Тарбағатайлықтар күдікті азаматтың заң қызметкерлерінің қолына түспей отырғанын алға тартады.
Кормоцехтің үлкен қорасынла екі үйір, тағы бір қорада екі үйір жылқы қамалып тұр. Енді бір үйір бар, - дейді Қабанбай ауылдық округіне қарасты Қазақстан ауылының тұрғыны Ерболат Рахимов. - Осы айдың онында 36 бас жылқымыз жоғалды. Соны іздеп, Зайсаннан тауып алдық. Зайсанның Темірсу жеріндегі қорадан жартысын, 14 басты алып шықтық.
Бұл ақпаратты ШҚО Полиция департаменті де растап, қазіргі таңда тексеру жүріп жатқандығын мәлімдеді.
Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті Зайсан ауданында иесіз малдың табылу фактілері бойынша ҚР ҚК-ның 188-1-бабы бойынша бұрын тіркелген сотқа дейінгі тергеу аясында тиісті тексеру жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Департамент аппараты қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылып, тергеу барысы ерекше бақылауда.
2019 жылы Тарбағатай ауданы Маңырақ ауылынан 21 бас жылқы жоғалып, екі бас шықты. Енді калған 19 бас шығады деген үміттеміз, - дейді әлеуметтік желі қолданушылардың бірі Нұргүл Алимжанова.
Енді бірі керісінше Зайсаннан жоғалған жылқы Тарбағатайдан шығуы әбден мүмкін деген болжам жасауда.
Бес үйір ұрланған жылқы қамалып тұр деп естідік. Ұрылар бұрыннан екі ауданның жылқысын сапырыстырып бір-біріне айдап, солай есептесетін. Сондықтан Зайсанның жылқылары Тарбағатайдан шығуы мүмкін. Бұрын Қытаймен солай есеп жүргізетін деп естиміз. Қазір мына қымбатшылыққа байланысты мал ұрлығы деген ұрыларға таптырмайтын бизнес болып тұр. Зайсанда мал ұрлығымен кім айналысатыны бәрімізге белгілі, - дейді Алмагүл Ахметжанова.