Көптен күткен қуаныш: Шілікті ауылына интернет тартылды
Зайсан ауданына қарасты Шілікті ауылында антенна-мачталық құрылым салу жобасы аяқталды

Ауыл тұрғындары тұрақты мобильді интернетпен және сапалы байланыспен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бұл қойнауы алтынға толы киелі жерді мекендеген шіліктіліктер ондаған жылдар бойы күткен қуаныш.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елде цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру жылы нақты бағдарды айқындап отыр - заманауи технологиялар әр азаматқа тұрғылықты жеріне қарамастан қолжетімді болуы тиіс.
Осы орайда Зайсан ауданы Шілікті ауылында байланысқа арналған антенна-мачталық құрылым пайдалануға берілді.
Мұнда 1405 адам тұрады. Жоба нәтижесінде елді мекен тұрақты мобильді интернетпен және сапалы байланыспен қамтамасыз етілді. Бұл ауыл тұрғындары электронды мемлекеттік қызметтерді пайдаланып, онлайн білім алып, телемедицина мүмкіндіктеріне қол жеткізіп, жақындарымен үздіксіз байланыста бола алады деген сөз, - дейді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов. - Ауылдарда байланыс инфрақұрылымын дамыту – басым бағыттардың бірі болып қала береді. Президент тапсырмаларын орындау аясындағы цифрландыру жұмыстары Шығыс Қазақстанның барлық аудандарында жалғасын табады.