Зайсан ауданында Гейдар Әлиев атындағы оқу кабинеті ашылады
Қазақстан мен Әзербайжан білім беру саласындағы байланысты нығайтпақ

Осы мақсатта Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен "Buta Group" компаниясы арасында білім беру жобасын іске асыру туралы меморандум жасалды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ағымдағы жылдың 21 қазанында Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары аясында "Қазақстан – Әзербайжан" іскерлік форумы өтті. Аталған іс-шара Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және жаңа іскерлік байланыстарды орнатуға арналған маңызды алаңға айналды.
Форумның қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ әлеуметтік және білім беру бастамаларын қамтитын экономика салаларында 16 келісім мен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен "Buta Group" компаниясы арасында білім беру жобасын іске асыру туралы меморандум жасалды. Жоба шеңберінде Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасының Зайсан ауданы білім бөлімінің "Сауыр жалпы білім беретін мектебі" КММ базасында "Гейдар Әлиев атындағы оқу кабинетін ашу" көзделген, - деп мәлімдеді облыстық ішкі саясат басқармасы.
Меморандум бойынша:
- оқу кабинетін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету;
- аталған мектептің оқушыларына академиялық үлгерімді және халықаралық алмасуды ынталандыру мақсатында гранттық бағдарламалар бөлу;
- Қазақстан мен Әзербайжан мектептері арасында мұғалімдер мен оқушылар алмасу бағдарламаларын дамыту;
- екі ел арасындағы білім беру және мәдени байланыстарды тереңдету.