ШҚО полицейлері Зайсан көлінен балық аулағандарды ұстады
Зайсан көлінде жыл бойы балық аулауға тыйым салынған

Соған қарамастан көлден 1 тоннадан астам балық аулаған браконьерлер анықталды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында Зайсан көлінде балық аулауға жыл бойы тыйым салынғанына қарамастан, бір күннің ішінде үш заңсыз балық аулау фактісін анықтады.
Тарбағатай ауданының алты тұрғынының заңсыз әрекетке қатысы бар екені анықталды, - делінген ШҚО ПД ақпаратында. - Бірінші жағдайда екі ер адам ұсталып, олардың 290 килограмнан астам балық, атап айтқанда көксерке, шортан және сазан аулағаны белгілі болды. Мемлекетке келтірілген шығын 1 940 000 теңгені құрады. Екінші дерек бойынша браконьерлер 356 килограмм балық аулап, 2 600 000 теңгеден астам шығын келтірген. Үшінші топ дәл сол аумақта заңсыз балық аулап, 500 килограмнан астам балық — көксерке, шортан және алабұға ұстаған. Келтірілген шығын мөлшері шамамен 3 900 000 теңгені құрады.
Жедел іс-шаралар барысында құқық бұзушылардан "Прогресс-2" маркалы қайықтар, түрлі маркадағы қайық моторлары және заңсыз балық аулауда пайдаланылған ондаған нейлон торлар тәркіленді.
Алты күдіктіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің "Балық ресурстарын, басқа су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз өндіру" бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта құқыққа қайшы әрекеттің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.