Зайсан ауданындағы ғасыр жасаған жалғыз соғыс ардагері өмірден озды
Танкист Зәкен Құрманқожанов 102 жасында дүниеден өтті

Ол кісі майданда 8 рет жарақат алып, бір оқ өмір бойы денесінде қалып қойған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Зәкен Құрманқожанов 1923 жылы 1 қыркүйекте Зайсан ауданы Сарыжыра ауылында дүниеге келген. Мектепте 8 сынып білім алып, кейін колхозда жұмыс істеген. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Мәскеу түбінде соғысқа қатысқан. Соғыста көптеген шайқастарда батырлық көрсетіп, бірнеше медальдар мен ордендермен марапатталған. Оның қатарындағы ең маңызды марапаттары – "Ерлігі үшін" медалі, "Қызыл Жұлдыз", "Құрмет" ордендері және басқа да әскери наградалар.
1946 жылы соғыс аяқталып, ауылға оралған соң жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықққан. Марқұм зайыбы Күлсім Шоқпанайқызы екеуі 10 бала тәрбиелеп өсірді. Қос ғасырдың куәгері болған Зәкен ата – 28 немере, 60 шөбере мен шөпшектің ардақты атасы.
Жеңістің 80 жылдығына орай Зәкен Құрманқожанов туралы "Қалған ғұмыр, қалған оқ" атты деректі фильм түсірілген еді. Фильмде оның жауынгерлік жолы, елге оралғаннан кейінгі еңбек жолы және болашақ ұрпаққа қалдырған өнегесі баяндалады.
Зайсан ауданы әкімдігі, аудандық мәслихат, аудандық ардагерлер кеңесі және аудан жұртшылығы атынан Құрманқожанов Зәкен атаның өмірден озуына байланысты отбасы мен туған-туысқандарына ауыр қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Ол кісінің өмір жолы – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, елге жасаған еңбегі мен ерлігі әрқашан жадымызда сақталады, - деп көңіл айтты Зайсан ауданының әкімдігі. - Зәкен ата – Зайсан ауданында ғұмыр кешкен Ұлы Отан соғыс ардагерлерінің соңғысы еді. Оның жүріп өткен даңқты жолы мен жанқияр ерлігі – тарихымыздың алтын парағы, ұрпақ жадында мәңгілік сақталатын рухани қазына болып қала бермек. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа, жаны жәннатта, орны бейіштің төрінде болсын!