ШҚО-да Қара Ертіс өзеніне ағып кеткен үш адамды іздеп жатыр
Сенбі күні Марқакөл ауданындағы Боран ауылынан шамамен 5 шақырым жерде орналасқан Қара Ертіс өзенінде үш адам суға батып кетті

Қазір Өскемен қаласы мен Зайсан, Марқакөл, Күршім аудандары күш біріктіріп, суға кеткен үш азаматты іздеуде, деп хабарлайды Устинка LIVE тілішісі.
Алдын ала мәліметтер бойынша, суға шомылуға тыйым салынған жерде 2007 жылғы суға батқан жасөспірімді құтқаруға әрекет жасаған 1991 және 1992 жылғы екі ересек азамат онымен бірге ағысқа қарсы тұра алмай, суға кеткен. Үшеуі де Зайсан ауданының тұрғындары.
Осыған байланысты Зайсан ауданы әкімінің тапсырмасымен жедел жұмыс тобы құрылып, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, полиция, жергілікті атқарушы органдар мен еріктілер жұмылдырылып, іздестіру аймағы кеңейтілді, - деп мәлімдеді Зайсан ауданының әкімдігі. - Ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен қосымша күш ретінде 10 қайық (Тұғыл ауылынан – 7, Зайсан ауданынан – 3), 1 дрон, 7 автокөлік және еріктілер жұмылдырылды.
Сонымен қатар, Өскемен қаласы, Зайсан, Марқакөл, Күршім аудандарының құтқару қызметтері, полиция, жергілікті атқарушы органдар, волонтерлер мен Боран ауылындағы гидробекет қызметкерлері жүзу және іздеу құралдарымен бірге іздестіру жұмыстарына тартылды.