Зайсанның жас футболшылары Талдықорғаннан жүлделі оралды
Талдықорған қаласында 2011-2012 жылы туған жасөспірімдер арасында футболдан республикалық жарыс өтті
Додада Зайсан ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы да бақ сынады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бір аптаға созылған сайыста Зайсан жасөспірімдері тамаша ойын өрнегін көрсетіп, топтық кезеңде Алматы облысы, Жетісу футбол клубы және Талдықорған БЖСМ командаларымен нәтижелі кездесулер өткізіп, ақтық сынға жолдама алды.
Финалда зайсандық жасөспірімдер Талдықорған қаласының футболға мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасымен кездесті. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды талдықорғандықтар иеленсе, екінші орынды Зайсан аудандық спорт мектебі еншілеп, үшінші орын Жетісу футбол клубына бұйырды.
Жарыста ерекше көзге түскен ойыншыларға арнайы грамоталар мен демеушілер атынан бағалы сыйлықтар табысталды. Зайсан командасынан Мұхамеднәби Табанбайұлы "Ең үздік ойыншы", Досжан Дастан "Ең үздік шабуылшы", ал Ерназ Кинатов "Ең үздік қақпашы" атағына ие болды, - деп хабарлады Зайсан ауданының әкімдігі.
Команданы жоғары деңгейде шыныққтырған бапкерлер Секен Бодаев пен Қайнолла Серіктің еңбектеріне аудан тұрғындары ризашылығын білдіруде.