Үржарлық азаматша жалған жүктілікпен жазадан құтылмақ болған
Мас күйінде көлік жүргізген Үржар ауылының тұрғыны жол полициясына ұсталған
Түрмеге қамалып, жүргізуші ккуәлігінен айырылып қалмас үшін ол қулыққа басқан, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ол жүктімін деп полицейлерді де, прокурор мен судьяны да алдамақ болған. Осылайша 15 күнге қамаудан және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасын кейінге шегермек болған. Өйткені заң бойынша жүкті әйелді қамауға тыйым салынған.
Бірақ прокуратура бұл әрекетті көп ұзамай әшкереледі. Жауап алу кезінде азамашаның өзі сөзінен жаңылып, жүктілігі туралы қарама-қайшы айғақтар бере бастайды. Осыдан соң прокурор медициналық құжаттарды зерделей келе құжаттың жалған екенін анықтаған.
Бір жазадан құтыламын деп ол шығынға бататын болды. Өйткені енді оған жалған құжат жасағаны үшін қылмыстық бап бойынша 160 АЕК - 552 000 теңге көлемінде үстеме айыппұл салынды. Сондай-ақ, жүргізуші куәлігінен айырылып, заңсыз әрекеттері үшін 15 күнге изоляторға қамалды.