Абай облысындағы көлік апатында бір мектептің үш қызметкері қаза болды
9 желтоқсан күні "Таскескен-Бақты" тас жолында жеңіл көлік жүк көлігіне соғылған
Апат салдарынан үш адам қаза болды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Абай облысының Полиция департаменті ақпаратына сүйеніп.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасы 9 желтоқсан күні сағат 14.45-те "Таскескен-Бақты" тасжолында болған.
"Toyota Carina" маркалы көлікті тізгіндеп келе жатқан 29 жастағы азамат кенет рульді басқара алмай қалып, қарсы жолаққа шығып кеткен. Содан кейін қарсы келе жатқан жүк көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Жол апаты салдарынан 3 адам қаза болды, - делінген ақпаратта.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-ның 345-бабы 4-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Бірқатар сараптама тағайындалған.
Бейресми дерек бойынша, яғни жергілікті тұрғындардың айтуынша, көлікте қаза болған үш адам Үржар ауданындағы мектептердің бірінің "Алғашқы әскери дайындық" пәні мұғалімі, психолог пен шаруашылық меңгерушісі екен.