Үржар ауданында құсбегіліктен І әлем чемпионаты басталды
Абай облысының Үржар ауданында мемлекеттік рәміздеріміздің 30 жылдығы аясында құсбегіліктен І әлем чемпионаты өтіп жатыр
Ол 6 қараша күні мәресіне жетеді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Абай облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
Біздің ауданымызда ұйымдастырылған мән-мағынасы ерекше шараға алыс-жақын мемлекеттерден, ұлан-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен құсбегілер қатысуда, - деді Үржар ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов. - Ұлттық болмысымызды насихаттап, адамға рух беретін құсбегілер сайысын жоғары деңгейде өткізу үшін барлық мүмкіндіктер жасалды. Шара үш күнге жалғасып, 6 қараша күні мәресіне жетеді. Осы ретте әлемдік шараның өтуіне қолдау көрсеткен Абай облысының әкімі мен Қазақстан Ұлттық спорт түрлері федерациясының басшылығына алғысымды білдіремін.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биыл Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ұлттық құндылықтарымызға ерекше назар аударғаны белгілі. Халқымыздың «жеті қазынасының» бірі – қазақ тазысын қорғау туралы Президент тапсырмасына сәйкес елімізде біршама істер қолға алынуда. Биыл алғашқы рет ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің күнтізбелік жоспарына сәйкес құсбегілердің І әлем чемпионаты басталды.