Катонқарағайдағы бірнеше ауылда су басу қаупі әлі сейілген жоқ
Ауданда барлығы 27 елді мекен болса, оның жетеуінде су басу қаупі бар
Бүгінгі таңда 4 елдімекенде қауіп жойылды. Барлық, Ақсу және Коробиха ауылдарында әлі де қауіп сейіле қойған жоқ, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Катонқарағай ауданы әкімдігі ақпаратына сүйеніп.
Мәселен, кеше Барлық ауылының іргесіндегі өзенде мұз еріп, жылжыған. Тасқынның алдын алу мақсатында жергілікті әкімдік төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірлесіп, тиісті шаралар қабылдады.
Қазір қауіп сейілді, жағдай тұрақты бақылауда. Барлығы 120 адам, 12 техника жұмылдырылды. Инертті материалдар жеткілікті мөлшерде жеткізілген.
Су тасқынына дайындық мәселесі бойынша ауыл әкімдерімен, жауапты сала мамандарымен кеңес өткіздім, - дейді аудан әкімі Ділдар Қалиқан. - Мәселе тұрақталғанша әр мекеменің жауапты мамандары кезекшілік атқарып, жұмыстар жүргізіледі. Жағдай тұрақты бақылауымызда.