Өрел ауылындағы қазіргі ахуал қандай?
Кеше түнде Катонқарағай ауданындағы Өрел өзені арнасынан асып, үйлер мен аулаларды су басқан болатын
Су тоғыз үйдің ауласына жайылып, үш үйге кіріп кеткен еді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты өзен арнасына мұз қатып, соның салдарынан судың деңгейі көтерілген. Сөйтіп су ауыл ішіне жайылған.
Аудан әкімі мен аудандық төтенше жағдайлар қызметі Өрел ауылына түнде жетіп, тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр.
Қазір ауылда сыртқы ауа температурасы -26ºС градусты көрсетіп тұр.
Аудандық ТЖБ, аудандық жергілікті әкімдік қызметкерлері жұмылып жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта арнайы техниканың көмегімен су арнасы тазартылуда. Түнімен кезекшілік ұйымдастырылып, өзен жағасына құм толтырылған қаптардан бөгеттер жасалды. Үйлердің жертөлесінен су мотопомпамен шығарылды. Аулаларды су басу, үйлерге су кіру қаупі төніп тұрған жоқ, - деді Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқан.