Өскемен мен Катонқарағай ауылы арасында автобус қатынай ма?
Облыс орталығынан Катонқарағай ауылына дейін такси бағасы жазда шарықтап кетеді
Жол ақысы қалтасына салмақ түсіргендер бұрынғыдай автобус жүріп тұрғанын қалайды.
Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқан екі араға автобус шығаратындай сұраныстың жоқтығын айтады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Иә, бұл жиі көтерілетін сұрақ. Әсіресе, егде жастағы тұрғындар бұрынғыдай автобус қатынасын жандандырса деген ұсыныстарын білдіріп жатады, - дейді аудан әкімі. - Ол уақта Катонқарағай ауданында халық саны да көп еді, тіпті бір емес, бірнеше автобус жүріп тұрған. Өкінішке қарай, қазіргі таңда біздің ауданда автобуспен жиі қатынайтын халық аз. Әсіресе, қысқы уақытта сұраныс жоқ. Көбінің өз көліктері бар, көбіне такси қызметі ыңғайлы.
Дегенмен Берелден Өскеменге шағын автобустар тұрақты түрде қатынайды. Бірақ бұл шағын автобустар кейде жол бойындағы ауылдарға тоқтамай кетеді екен.
Себебі шеткі ауылдардан халық жиналып қойса, бері жеткенше орын болмай қалады. Әрине, бұл шағын автобустарда жол ақысы таксимен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Такси қазір 5-7 мың теңге болып тұр. Жаз айларында туристер көбейетіндіктен қымбаттап та кетеді, - дейді Ділдар Қалиқан.