ШҚО-да жүк көлігі аударылып, 25 тонна күкірт қышқылы төгілді
Оқиға Өскемен-Рахман қайнары тасжолының бойында орын алды
5 қазанда Өскемен-Рахман қайнары тасжолының 227-шақырымында, Қатонқарағай ауданы Ново-Хайрузовка ауылының маңында автоцистернасы бар КамАЗ аударылып қалған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ШҚО Экология департаментіне сілтеме жасап. Соның салдарынан 25 тонна күкірт қышқылы төгіліп, ол 50 шаршы метр жерге жайылған.
Күкірт қышқылын залалсыздандыру мақсатында аталған учаскеге 15 тонна әк төгілді. Енді департамент қызметкерлері жердің ластану деңгейін анықтау үшін оқиға орнына барып топырақ сынамасын алады. Ластану салдарын жою бойынша міндеттер күкірт қышқылын тасымалдаған "АМ Logistic" ЖШС-не жүктеледі, - деп хабарлады ШҚО Экология департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, аталған деректің мән-жайын Қатонқарағай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері анықтап жатыр.