Шемонаиха ауданында түрмеге есірткі әкелген курьер қолға түсті
Ол түрме дуалынан 430 грамнан астам кептірілген марихуананы лақтырып үлгерген

Артынша түрме қызметкерлері мен Ұлттық ұлан жауынгерлерінің қолына түсті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бұрын ұрлық үшін сотталған 44 жастағы Өскемен қаласының тұрғыны түрмеге марихуана салынған түйіншектерді кіргізу үшін Шемонаиха ауданына арнайы келген. Түйіншектерді лақтырған соң ол өзі келген досының көлігін шатастырып, басқа көлікке қарай жүгірген. Осы сәтте күдік тудырған ол күзетшілердің қолына түскен, - деп мәлімдеді ШҚО ҚАЖД баспасөз қызметі.
Оның жымысқы әрекетін бейнебақылау камераларындағы жазбалар дәлелдеді.
Біздің қызметкерлер тәулік бойы жұмыс істейді. Ешкімге заңды бұзуға жол бермейміз. Мұндай жағдайлардың жолын қатаң кесеміз, – деді ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №18 мекемесінің бастығы Қуаныш Қонжанов.
Ұстау кезінде скотчпен оралған, ерекше иісі бар үш түйіншек табылған. Сараптама қорытындысы бойынша, тәркіленген зат 430 грамнан астам кептірілген марихуана болып шықты. Бұл 86 рет қолдануға жететін мөлшер.
Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір қызметкерлер тәркіленген заттың кімге арналғанын анықтап жатыр.