Семейдегі саяжай кооперативтеріне 25 млн теңге айыппұл салынды
Абай облысындағы саяжай кооперативтері он мыңға жуық тұрғынға жарықты жоғары тарифпен беріп отырған
Тұрғындардың шағымынан соң тексеріс жүргізіліп, кооперативтер таратылды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі
Абай облысының прокуратурасы облыс әкімдігімен және уәкілетті органдармен бірлесіп, "Семей.Мурат.Доверие" және ПКСЛ "Бобровка" саяжай кооперативтерінің қызметін тексерген.
Тексеру барысында соңғысының тиісті тіркеусіз және рұқсатсыз монополиялық қызметті жүзеге асырғаны, электр энергиясына жоғарылатылған тарифтер белгілегені, электр желілерін жалға алғаны үшін негізсіз төлем алғаны және т.б. құқық бұзушылықтар анықталды, - делінген Абай облысының прокуратурасы таратқан ақпаратта.
Кооперативтер электр энергиясын өндіруші болып табылмайтындықтан, энергия өндіруші компаниядан 1 кВт-қа 14,202 теңге сатып алып, оны 8,5 мыңнан астам тұрғынға жоғарылатылған тариф бойынша (1 кВт үшін 18 теңге, яғни 4 теңгеге қымбат) бағалаған. Ал саяжай тұрғындарының көбі халықтың әлеуметтік осал топтары болып табылады.
Нәтижесінде Абай облысының табиғи монополияларды реттеу департаментіне қадағалау актісі енгізіліп, кооперативтерге ӘҚБтК 164-бабының 3-бөлігі бойынша жалпы сомасы 25 млн теңге айыппұл салынып, Мұрат және Бобровка саяжай массивтерінің 8,5 мың тұрғынының құқықтары қорғалды, - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ, Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 24 және 30 қазандағы заңды күшіне енген шешімдері бойынша кооперативтер таратылып, сол арқылы олардың заңсыз қызметі тоқтатылғанын айта кеткен жөн.