Ертіске Сібір бекіресінің шабақтары жіберілді
Абай облысында Ертіс өзенінде жоғалып кеткен Сібір бекіресінің қорын қайта қалпына келтіру қолға алынды
Бұл жобаға бюджеттен ешқандай қаржы жұмсалмады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Абай облысы әкімдігі ақпаратына сүйеніп.
Шабақтар "ОстФиш" ЖШС демеушілігімен жіберілді. Бұл мекеме 2013 жылдан бастап бекіре тұқымдас балықтарды өсірумен айналысады.
Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығының негіздемесіне сәйкес бекіре балығын суға жіберу шарасы Шаған ауылында өтті. Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев өңірдің экожүйесі үшін маңызды іс-шараға арнайы келіп, Абай өңірінде балық шаруашылығын дамыту бағытында әлеуеті жоғары екенін атап өтті.
Ертіс өзеніне балық жіберу жаңадан құрылған Абай облысында алғаш рет және Конституция мерекесіне орай ұйымдастырылып отыр. Бұл Ертіс өзенінің тарихи балық қорын қалпына келтірудегі маңызды қадам. Өйткені Ертіс өзені Сібір бекіресінің бұрыннан мекендейтін жері. Жалпы, Абай облысындағы балық шаруашылығын дамыту әлеуеті бар. Облыста халықаралық және республикалық маңызы бар өзен-көлдерден бөлек, жергілікті маңызы бар су қоймалар жетерлік. Бұл балықты өсіру және өңдеу бағытында жобаларды жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік береді. 2023 жылдың алғашқы айларында облыста 20 тонна балық өсірілді, - деп атап өтті аймақ басшысы Нұрлан Ұранхаев.
Осы орайда айта кеткен жөн, облыста балық шаруашылығы бағытында бірнеше жоба іске асырылып жатыр. Мәселен, Көкпекті ауданының Тассай ауылында балық өңдеу цехі, Ақсуат ауданының Ақсуат ауылында заманауи технологияды қолдана отырып, форель шаруашылығы, Семей қаласының Озерки ауылында форель шаруашылығы, Бесқарағай ауданының Старая крепость ауылында карп, форель және бекіре өсіретін тоған шаруашылығы ашылды.
Балық шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан субсидиямен қолдау шаралары да көзделген. Осы мақсаттарға 2023 жылы облыстық бюджеттен 4,4 млн теңге бөлінді.