Абай облысында тағы өрт шықты
Кеше Көкпекті ауданындағы Үлгілі малшы ауылынан 50 шақырым жерде қамыс өртене бастаған
Абай облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметін сүйенсек, өрттің болжамды аумағы - 200 гектар.
Қазіргі уақытта өрттің болжамды алаңы 200 гектар. Елді мекендерге қауіп жоқ. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ, - деді Абай облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Үлгілі-Малшы ауылдық округі әкімдігінің ақпаратына сенсек, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының күштері мен құралдарының тартылуы қажет емес.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 8 маусымында Абай облысындағы "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағындаірі өрт шығып, 60 мың га орман өртенген болатын. 14 адамның өмірін жалмаған тілсіз жаумен күрес бір аптаға созылған. Қазіргі таңда орман өртіне қатысты тергеу жүріп жатыр.
Ал өткен сенбі күні сол ормандағы ошақтардың бірі қайта тұтанған. Абай облыстық ТЖД 1 шілде күні сағат 09.48-де Бесқарағай ауданындағы "Семей орманы" МОТР аумағында түтін нүктесі табылғанын мәлімдеді.
Оқиға орнына барған Долон филиалының Байдаулет орманшылығының қызметкерлері орман ішіндегі ескі өрттің орныны өртеніп кеткенін анықтады, - делінген хабарламада. - Өрт қысқа мерзімде оқшауланып, жойылды. Жалпы жану аумағы 1,2 гектар. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өртті сөндіруге орман шаруашылығынан барлығы 24 адам және 9 бірлік техникасы жұмылдырылды. Байдәулет орманшылығының ақпараты бойынша Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының күштері мен құралдарын тартуы қажет болмады.