Семейде Еркеғали Рахмадиевтің 90 жылдығына арналған байқау өтті
Республикалық композиторлар байқауы алғаш рет өтіп отыр
Байқауда бүкіл республикадан 14 композитор бақ сынады, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Биыл Аягөз ауданының тумасы, КСРО Халық әртісі, композитор, Еңбек ері, мемлекет және қоғам қайраткері Еркеғали Рахмадиевтің туғанына 90 жыл толып отыр. Осыған орай, Абай облысы әкімі Нұрлан Ұранхаевтың қолдауымен республикалық композиторлар байқауы өтті. Байқауға Астана, Алматы қалаларынан және Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл және Абай облыстарынан 14 композитор өз шығармаларын ұсынды.
Байқаудың қорытындысы бойынша Жамбыл облысынан келген Ербосын Қасымбековтің «Шығыс ұраны» шығармасы бас жүлдеге лайық деп танылды. 1-орын Алматы қаласынан келген Төлебай Жарасханға бұйырса, 2-3-ші орындар семейлік Гүлдана Ноғайбаева мен Слямқұл Берекеде қалды, - деп мәлімдеді Абай облысы әкімдігі. - Ал Еркеғали Рахмадиев атындағы қордың арнайы жүлдесі семейлік Әділет Сериковтің «Дала үні» композициясына; Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының арнайы жүлдесі Ақтөбе облысынан келген Жанболат Сагиевке «Тәуелсіз елім» шығармасы үшін берілді.