Семейде көпқабатты үйде өрт шықты
Көпқабатты үйдегі өрт кезінде Семей қаласының өрт сөндірушілері 16 баланы, 31 тұрғынды құтқарып, 50 адамды эвакуациялады
Семей қаласының Физкультура көшесіндегі тоғыз қабатты тұрғын үйде өрт шықты. Алтыншы қабатта пәтерде жиһаз, жеке заттар өртенді.
Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер 6-қабатқа дейін автосатыны ашып, түтін басқан пәтерден 2006 және 2008 жылы туылған екі баланы алып шықты. Улану белгілері байқалғандықтан олар медициналық мекемеге жеткізілді. Тағы 31 тұрғынды, оның 14-і – балалар, өрт сөндірушілер баспалдақ арқылы сыртқа шығарды, - деп мәлімдеді ШҚО ТЖД.
Балаларына көмектесуге тырысқан пәтер иесі өзі күйіп қалған, ауруханаға жатқызылды. Сондай-ақ, өрт сөндірушілер қауіпті аймақтан 50 адамды, оның ішінде 15 баланы эвакуациялады. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 40 адам және 10 бірлік техника жұмылдырылды.
Өрттің алдын ала себебі - электр жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау.
ШҚО ТЖД Өрт шыққан жағдайда дереу 101 телефонына хабарлау қажет екенін ескертеді.