Болашақта Самар ауданында әуежай салынуы мүмкін
Бұқтырма су қоймасының Самар жағалауы туристік кластерін дамыту жөніндегі бас жоспарға әуежай салуға арналған орын енгізілген

Бұл туралы Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов айтты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Серік Жеңісұлының айтуынша, жағалау аумағындағы жерлердің басым бөлігі бүгінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер болып табылады. Алайда туризмнің даму перспективаларын ескере отырып, олардың нысаналы мақсатын өзгерту мәселесі қарастырылып жатыр.
Даму жөніндегі бас жоспарға ұзындығы 106 шақырым жағалау аумағы енгізілді. Біз әуежай салуға арналған орынды да қарастырдық. Ол жақын уақытта салынады деп айта алмаймын, дегенмен туризм қарқынының артуына байланысты 5–10 жылдан кейін мұндай қажеттілік туындауы мүмкін, - деді Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов.
Әкімнің айтуынша, бас жоспарды іске асыру аумақты кешенді түрде дамытуға, инвесторларды тартуға, жаңа туристік нысандар салуға және жағалау инфрақұрылымын жақсартуға мүмкіндік береді.