Қызметтік тұрғын үй алуға Самар ауданына 150 млн теңге бөлінген
Бұл туралы Самар ауданының әкімі Серік Жеңісұлы мәлімдеді

Ол жақын уақытта ауданға жас эндокринолог маман көшіп келетінін сүйіншіледі, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Серік Жеңісұлы жас маманды әлеуметтік желі арқылы байқап, өз ауданына жұмысқа шақырған.
Бүгінде әлеуметтік желілер маңызды істерді шешудің нақты құралына айналды. Threads-та эндокринолог дәрігер Жалғас Тоқсеитұлының Шығыс Қазақстанға қоныс аударғысы келетін жазбасын көрдім. Оқырмандарынан қай ауданға барған дұрыс деп сұрапты. "Аудан әкімі ретінде Самарға шақырам" деген жазба қалдырдым. Бір айдан кейін жас маман отбасымен бірге Павлодардан қоныс аударды, - дейді Серік Жеңісұлы. - Осындай жас мамандардың келуіне біз шын жүректен қуаныштымыз және әрдайым қолдау көрсетеміз.
Айта кеткен жөн, Жалғас Тоқсеитұлы – Семей медицина университетінің түлегі, ересектерге де, балаларға да көмек көрсетеді.
Аудан әкімінің айтуынша, жаңа құрылған ауданда ең басты мәселе баспана екенін түсіне отырып, биыл облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қызметтік тұрғын үй сатып алуға 150 млн теңге бөлді.