"Казцинк" Риддердегі кәсіпорында автоматтандырылған экологиялық мониторинг жүйесін орнатты
Өндірістік нысан өңірдегі алғашқылардың бірі болып ҚР Экологиялық кодекс талаптарын орындап отыр
Бұл мақсатта компания 4 млрд теңге жұмсаған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Осы орайда айта кеткен жөн, автоматтандырылған экологиялық мониторинг жүйесі Өскемен мен Риддердегі металлургия кешендерінде бір уақытта іске қосылды.
АМЖ - нақты уақыт режимінде стационарлық көздерден қоршаған ортаға эмиссиялар көрсеткіштерін қадағалайтын өндірістік экологиялық мониторинг жүйесі.
ҚР Экология министрлігі өнеркәсіптік кәсіпорындарға автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізуді міндеттей бастаған. Ал ШҚО-да 8 кәсіпорын бұл жүйені орнатуы керек. Бірақ қазір тек "Казцинк" ЖШС министрлік талаптарын орындап отыр. Осы жүйе арқылы кәсіпорыннан ауағы шығарылған және суға ағып жатқан қалдық мөлшері туралы ақпарат Экология министрлігіне онлайн режимде тікелей беріліп отарады.
Компанияның барлық өндірістік объектілеріндегі түтін шығатын мұржалар мен сарқынды сулар ағып шығатын орындарда автоматтандырылған мониторинг жүйесін орнату жұмыстары аяқталды. Маусым айынан бастап іске қосылып, мәліметтер тікелей министрлікке беріліп отыр, – деді "Казцинк" ЖШС бас экологы Қазтай Тәкеев. – Біз бұл жүйені өңірде бірінші болып енгіздік жаңа Экологиялық кодекс талабын орындадық. АЭМЖ-ді орнатуға 4 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды.
Мәселен, датчиктер "Казцинк" ЖШС Риддер металлургия кешені күкірт қышқылы бөлімшесі мен вельцтеу цехының түтін құбырларына орнатылды. Бұл датчиктер азот оксидтерінің, күкірт диоксидінің, көміртек оксидінің және шаңның шоғырлануын көрсетіп тұратын болады. Егер ауаға шығарылатын қалдықтар мөлшері артатын болса, датчик бірден сигнал беріп, мамандар дер кезінде әрекет етіп, олқылықты жоюы керек.
Егер ауаға шығарылатын рұқсат етілген концентрация мөлшері қандай да бір себептерге байланысты шамадан тыс асып кетсе, бізде бұл олқылықты жойып, халықты құлағдар ету үшін екі сағат қана уақытымыз бар. Барлық ақпарат бірден ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне де түсіп отырады. Автоматтандырылған жүйе кәсіпорын жұмысының ашықтығын көрсетеді, - дейді компанияның Риддердегі металлургия кешенінің экология және аудит бөлімінің маманы Татьяна Свахина.
Сонымен қатар, датчиктер Риддер металлургия және кен байыту кешендерінің тазарту сатысынан кейінгі сарқынды сулары ағып шығатын орындарына да орнатылған. Аталған жүйелер рН-орта, су шығыны, температурасы, электрөткізгіштігі және лайлылығы бойынша бақылау жүргізуге мүмкіндік береді.