Риддерліктер тағы жылусыз қалды
Бүгін Риддер қаласындағы жылу электр орталығында тағы апат болды
Бүгін түнде жылу электр орталығындағы қазандықтардың бірі апатты жағдайда істен шыққан, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 18 сәуірге қараған түні жылу электр орталығындағы қазандықтардың бірі апатты жағдайда істен шыққан.
Жоғары қысымды қазандық апатты жағдайда өшірілді. Шұғыл түрде резервтік қазандық іске қосылды. Енді жылу жүйесіндегі температура біртіндеп көтеріледі, - делінген ақпаратта.
Қала тұрғындарының әлеуметтік желідегі пікірлеріне көз жүгіртсек, апатқа дейін де үйлері жылы болмағанын жарыса жазуда.
Барлық үйлер суық... Семенова көшесі, Гагарин көшесі... Бұған дейін де жақсы жылу болмады ғой. Қараша айынан бері осылай. Ал жылудың ақысын ай сайын төлеп отырмыз, - дейді қала тұрғыны Тұрсын.
Риддерліктердің барлығының да айтары бір. Қараша айынан бері бүрсең қағып, үй ішінде қалың киініп жүруге мәжбүр.
Ал ШҚО әкімдігі Риддердегі жылу электр орталығын коммуналдық меншікке беру туралы келіссөз жүріп жатқанын айтқан болатын.