Риддердегі ЖЭО-да тағы апат болды
Риддер қаласындағы екі қазандық түн ортасында тағы да істен шыққан
Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласындағы жылу электр орталығында тағы да апат болды, деп хабарлайды Устинка LIVE ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, жылу электр орталығындағы апат 28 ақпанда сағат 3.45-те болған.
№1 және №2 қазандық апаттық жағдайда өшірілді. Ал, сол уақытта №3 және №4 қазандық қана жұмыс істеп тұрды. Қазір №2 қазандықты жөндеу жұмыстары аяқталып, ол іске қосылды. №1 қазандық та қалыпқа келтіріліп, қосылуға дайындалып жатыр, - дейді шаһар басшысы Дмитрий Горьковой.
Еске салсақ, 5 қараша күні сағат 20:00-де Риддердегі ЖЭО-да күл шығару жүйесіндегі сорғы істен шығып, №1 қазандық агрегатының қосалқы жабдығы апатты жағдайда ажыратылған болатын. Соның салдарынан 22 мыңнан астам абонент үшін жылу беру азайтылды.
Риддер тұрғындары ЖЭО-ны коммуналдық меншікке қайтару туралы петиция жазды.
Қаңтар айының аяғында орталық иесінің ауысқаны белгілі болды.
16 ақпан күні Риддердегі төтенше жағдай режимі алынып тасталған болатын.