Риддерде төрт тәулік бойы үздіксіз жұмыс жүріп жатыр
Бүгін Риддер ЖЭО-да туындаған төтенше жағдайды жою бойынша бригадалардың тәулік бойы жұмыс істегеніне төртінші күн болды
Өңірдің ірі өнеркәсіптік және коммуналдық кәсіпорындарының тәуліктеп жұмыс істеуінің арқасында 2 қазандық қондырғысы іске қосылды.
Облыс әкімі Даниал Ахметов әлеуметтік желідегі өзінің парақшасында бөліскен ақпаратқа сүйенсек, кеше сағат 15.00-де тағы біреуінің температуралық режимі 57 градусқа дейін көтерілді, жылу беру басталды. Ал сағат 21.00-ге қарай жоғары қысымды қазандық іске қосылуы керек болатын.
Өкінішке қарай, №4 қазандықты жөндеу және ақауларын анықтау бойынша Риддер ЖЭО басшылығы еш шара қолданбады, біз осы қазандық қондырғысын іске қосу үшін барлық қажетті жұмыстарды жүргізудеміз. Жағдай өзімнің жеке бақылауымда екенін тағы бір еске сала кетсем. Қала тұрғындарына көрсеткен шыдамдылығы мен түсіністігі үшін алғыс айтамын, - деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Естеріңізге сала кетейік, ЖЭО-ны жеке меншіктен коммуналдық меншікке қайтару мәселесі қарастырылуда. Өйткені қазіргі басшылық өз миссиясын орындамағанымен қоймай, жүргізген жөндеу жұмыстары да сапасыз.