Риддер жылу маусымына дайындалып үлгере ме?
Риддер қаласының ЖЭО-ғының істен шығып, қаланы жылумен қамтамасыз ете алмай тұрғанына бір жылдай уақыт болды
Риддердегі Жылу электр орталығының жұмысын облыстық әкімдік қана емес, Энергетика министрлігі де қатаң бақылауға алды. Кеше ШҚО әкімі Даниал Ахметов Риддердің 2022-2023 жж. жылу беру маусымына дайындығы жөнінде кезекті кеңесін өткізді.
1 қыркүйекке қарай қаланың барлық тұрғын үйлерінде дайындық паспорттары болуы тиіс, бұл ретте энергетика және ТҮКШ басқармасының мамандары қалаға барып, паспорттардағы деректердің шындыққа сәйкестігін тексеруі тиіс. Сонымен қатар, мәселе туындамайтындай басқармаға гидравликалық режимді тексеретін компаниямен байланысуды тапсырдым. Сондай-ақ, біз Риддер ЖЭО басшылығымен кездестік, онда қазір жабдықтар жөнделуде. 1 және 2 турбинаға жөндеу жүргізілді, 5 турбина қыркүйекке қарай аяқталады, 0,7 км жылу трассасына жөндеу жүргізілді, жылыту маусымы басталғанға дейін тағы 2 км трассаға жөндеу жүргізілетін болады. Мен барлық бюджеттік ұйымдарға жылу үшін алдын ала төлем жасауды тапсырдым, бұл қаражат ЖЭО үшін отын сатып алуға және жөндеу жұмыстарына жұмсалады, - деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.
Күн сайын жылу станциясына 10 вагон көмір келеді. Қала тұрғындарына келетін болсақ, қатты отынға деген қажеттілік 5300 тоннаны құрайды. Халықтың 61 пайызы қатты отын сатып алды, ешқандай дүрлікпе байқалмайды.