Риддерде түрлі этнос өкілдері арасында қазақ тілінен сайыс өтті
Байқаудың мақсаты - мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, этносаралық келісімді нығайту және қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту

Қалалық сайысты ұйымдастыруға "AMANAT" партиясының Риддер қалалық филиалы мен Тілдерді оқыту орталығы мұрындық болды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Қазақ тілі – барша қазақстандықтарды біріктіретін ортақ құндылық. Осындай сайыстар арқылы біз этнос өкілдерін мемлекеттік тілдің төңірегіне топтастырып, достық пен өзара сыйластықты нығайтамыз. Бұл – тіл саясатын жүзеге асырудағы маңызды қадамдардың бірі, – дейді AMANAT" партиясы Риддер қалалық филиалының төрағасы Асем Ағажаева.
Сайыс үш кезеңнен тұрды. Алғашқы "Таныстыру" кезеңінде қатысушылар өз топтарын мемлекеттік тілде таныстырып, ерекше сәлемдесуімен көзге түсті. "Сөз-маржан" кезеңінде күнделікті тұрмыста қолданылатын қазақ және орыс тіліндегі сөздерді жұптастыру арқылы қатысушылардың тілдік қоры мен жылдам ойлау қабілеттері сыналды. Ал "Қызықты сауал" кезеңінде командалар қазақ тіліндегі мәтіндер бойынша қойылған сұрақтарға ауызша жауап беріп, тіл меңгеру деңгейін көрсетті.

