Риддердегі өзенді ластаған "Шығыс жылу" АҚ 5,5 млн теңге айыппұл төледі
Экология департаменті Риддер қаласындағы "Шығыс жылу" АҚ филиалына жоспардан тыс тексеріс жүргізген

Тексеріс нәтижесінде кәсіпорын күл-қож бен лас суды рұқсатсыз төгіп, ол Тихая өзеніне түскен, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бұл - экологиялық заңнама талаптарын бұзу. Тексеру нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама беріліп, рұқсатсыз төгілген тазартылмаған ағындылар нәтижесінде ластанған жер учаскесін қалпына келтіру, сондай-ақ күл-қож құбырын жобалық шешімдерге сәйкестендіру жөнінде ұсыныстар енгізілді, - деп хабарлайды ШҚО экология департаменті. - Қысқартылған өндіріс тәртібімен салынған айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 5,5 млн теңгені құрады. Айыппұлдар толық көлемде төленді.
Экология департаменті өңірдегі қоршаған ортаға теріс әсер ететін объектілерді анықтау, алдын алу және мониторингтеу бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.