Күршімдегі медициналық автобус ауылдарды аралап жүр
Аудандағы жылжымалы медициналық кешен үздіксіз өз қызметін жалғастыруда
Мамандар Теректібұлақ, Бурабай ауылдарына барып, халықты медициналық тексеруден өткізіп келді, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі Күршім аудандық ауруханасының ақпаратына сүйеніп.
Елімізде ауылды жерлерде тұратын халықты бастапқы медициналық диагностикамен қамтамасыз ету мақсатында жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Жылжымалы автобус азаматтардың денсаулығын кең спектрлі тексеруден өткізуге арналған. Ол жалпы қабылдау, тәжірибелік дәрігер және талдауларды қабылдау аймағы, функционалды диагностика, акушер-гинеколог, сондай-ақ сәулелік диагностика кабинеттерінен тұрады.
Мобильді медициналық орталықта арнайы қорғасынмен қапталған бөлме орнатылып, онда рентген және флюорографияны қауіпсіз жағдайда жасауға болады, - деп мәлімдеді Күршім аудандық ауруханасындағылар. - Медициналық кешеннің тағы бір ерекшелігі – мұнда толық автономды жүйе орнатылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарды қабылдауға автоматтандырылған пандус-лифт қарастырылған.