Күршім ауданында есепші мектеп қаражатын құмар ойынға салған
Күршім ауданындағы мектептердің бірінің бухгалтері 11,9 миллион теңгені жымқырған
Онымен қоймай, мекеме қаражатын құмар ойындарға жұмсап жіберген.
Ол қаражатты 2018 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың шілдесіне дейін өзінің және туыстарының банк картасына аударып келген.
Күдіктінің кінәсі экономикалық сараптаманың қорытындыларымен, куәгерлердің айғақтарымен дәлелденді. Сотталушы өзі де кінәсін мойындады, - деп мәлімдеді Күршім аудандық сотының баспасөз қызметі.
Есепші 9 млн теңгені құмар ойынға, ал қалған соманы несиесін төлеуге жұмсағанын мойындаған.
Сот айыпталушының өз кінәсін мойындағанын, өкінгенін және жас балаларының барын ескере отырып, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына және бас бостандығынан үш жарым жылға айыру жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.