Күршімдегі "Қызыл ту" өткелімен өткендерге айыппұл салынады
Осыдан екі күн бұрын "Қызыл ту" өткеліндегі мұз арқылы өтетін жол жабылған
Полиция тыйымға қарамай өз өмірлерін қауіпке тігетіндерге айыппұл салынатынын ескертті, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, 11 қаңтар күні әлеуметтік желіде "Қызыл ту" өткелінде мұз үстінде келе жатқан трактордың суға түсіп кеткені жазылған видео тараған болатын. Артынша өткелдегі мұз арқылы өтетін жол бірден жабылды.
"Облшығысжол" ЖШС ақпаратына сүйенсек, еріген қар суы мұз бетіне шығып кетуіне байланысты өткелді сол күні оқыс оқиғаға дейін жабу керек болған. Десе де, бірнеше жеңіл көлік кептеліп қалғандықтан тракторды көмекке жіберген.
Бірақ болған оқыс оқиға мен ескертулерге қарамастан 12 қаңтар күні көлік жүргізушілері мұз жолы арқылы тағы өтуге тырысқан көрінеді. Полиция қызметкерлері мұндай жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған жүргізушілер ӘҚБтК-нің 667-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін, - деп атап өтті ШҚО ПД баспасөз қызметі.