Күршімдегі көпір апаттық жағдайда
Күршім ауданындағы Құйған жаққа шыға берісіндегі көпір апаттық жағдайда
Күршім ауданының тұрғындары, аудан ақсақалдары апаттық көпірдің жанына жиналып, әкімдіктен көмек сұрады.
Күршім ауылының шығаберісіндегі көпір осындай халге жетті, бір плитасы тұғырынан тайып бір шетінен ілініп әрез тұр, үлкен салмақты көліктер өткен сайын плита алдыға жылжып арғы жағы орнынан тайып үстіне шығып кетіпті, кез келген уақытта құлап кетуі ықтимал.
Ең өкініштісі бір ай бойы қаншама лауазымы бар адамдарға ескертсек те, ешбіреуі қолға алмады! Сондықтан да бүгін өзіміз тексеріп, қауіпті жағдайын көріп, полиция бөлімшесінің, ауыл әкімдігінің және комхоздың бірігіп атқарған іс арқасында біраз шаралар атқарылды. Ескерту белгісі мен жылдамдықты азайту белгілері қойылды, абай болуларыңызды сұраймыз, - дейді ауыл тұрғындары.
Күршім ауданы әкімінің аппаратымен құрылған арнайы комиссия ауданның белсенді азаматтарымен аталған нысанға барып көпірдің апатты жағдайда екенін растады.
Бүгінгі күнге жолдың осы учаскесінде аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінен тәулік бойы бекеттер (кезекшілер) қойылып, көпірге жақындаған кезде шектеу белгілері мен бетон плиталар орнатылды. Бұл мәселені толығымен шешу үшін облыстық бағалау комиссиясының келуі күтілуде. Логистика және күнделікті тұтынуға қажетті тауарларды аймаққа жеткізу проблемаларын болдырмау үшін уақытша көпір салу бойынша жоспар әзірленуде, - деді Күршім ауданының әкімдігінде.