Күршімдегі тоғандар келер жылы жөнделеді
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров Күршімдегі су бөгеттерінің жай-күйімен танысып қайтты
Күршім ауданындағы су бөгеттерінің тозығы жетті. Былтыр Көмейдегі дамбы жарылып, егіншілікпен күн көретін Бірлік, Сарыөлең және Барақ батыр ауылдары суармалы сусыз қалды.
Көктемде Мәжіліс депутаттары Еділ Жаңбыршин мен Ерлан Саиров Күршім ауданындағы Жауғашты су қоймасының жағдайымен танысып қайтқан еді. Жуықта ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров Сарыөлең ауылдық округіндегі «Көмей» учаскесін және «Төре тоғам» учаскесіне барып, аралап тексерді.
Тексеру нәтижесі бойынша бөгетке 2023 жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қаражат бөлу жоспарланды. Ал биыл Күршім ауданы каналдарын тазалауға арналған 1 техника бөлу қарастырылатын болды.