Күршім ауданында әскерилердің тактикалық оқу-жаттығулары басталды
Жиынға Самар, Күршім және Марқакөл аудандарынан әскери есептегі 70-тен астам адам шақырылған

Оқу-жаттығудың басты мақсаты - төтенше немесе соғыс жағдайында аумақтық қорғаныс міндеттерін орындауға жеке құрамды даярлау, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Жаттығу үш кезеңнен тұрады және жалпы ұзақтығы 10 тәулікке дейін жалғасады. Бірінші кезеңде жеке құрамды қабылдау, әскери-есептік мамандық бойынша дағдыларды қалпына келтіру, қару-жарақ пен арнайы техниканы дайындау жүргізіледі. Екінші кезеңде бөлімше, взвод және роталар құрамында атыс пен тактикалық сабақтар өтеді. Үшінші кезең – батальондар мен штабтардың үйлесімділігін қамтамасыз ету және байланыс құралдарын пайдалана отырып, командалық-штабтық жаттығулар өткізу.
Аумақтық қорғаныс – мемлекеттік қорғаныс шараларының құрамдас бөлігі. Төтенше жағдай енгізілген жағдайда әскери міндеттілер шұғыл түрде шақырылып, бөлімшелер алдын ала жауынгерлік үйлесімділіксіз-ақ орналастырылады. Мұндай жағдайда теориялық және практикалық нұсқаулықтар мен қауіпсіздік шараларына ерекше назар аударылады.
Бұл оқу-жаттығулардың мақсаты – жауынгерлік дағдыларды қалпына келтіру ғана емес, сонымен қатар нақты жағдайдағы жедел әрекет ету қабілетін тексеру. Уақыттың шектеулі болғанына қарамастан, жеке құрамның жоғары мотивациясын байқадық. Мұндай іс-шаралар аумақтық әскерлердің дайындық деңгейін жоғары ұстауға мүмкіндік береді. Бұл қазіргі заманғы қауіп-қатер жағдайында өте маңызды, - деді бөлім командирінің орынбасары подполковник Қанат Турагулов.
Оқу-жаттығу жұмыстары жеке құрамды қауіпсіздікті қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың салдарын жою, стратегиялық нысандарды қорғау және қоғамдық тәртіпті сақтау сияқты міндеттерді орындауға жедел түрде дайындауға мүмкіндік береді. Бұл - Қазақстанның қорғаныс стратегиясының маңызды бөлігі, аумақтық әскерлердің үйлесімділігі мен жауынгерлік қабілетін қамтамасыз ететін негізгі бағыт.