Маралдыдағы алтын өндіру фабрикасы 200 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр
Күршім ауданындағы алтын өндіру фабрикасы өткен жылдың соңында іске қосылған болатын

Кәсіпорын ауданның экономикасына оң әсер етіп қана қоймай, әлеуметтік жағдайды да жақсартады деген үміт бар, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Мәселен, алтын өндіру фабрикасы Маралды ауылдық округін дамытуға 2,5 млрд теңге бөлмек.
2024-2029 жылдар аралығында Маралды ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуына 2,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция жұмсау жоспарланып отыр. Бұл – аудан әкімдігі мен алтын өндіру фабрикасы арасындағы меморандум аясында жүзеге асырылатын маңызды қадам. Бұл меморандум Күршім ауданының болашағы үшін өте маңызды, – деді аудан әкімі Мейіржан Әлбеков.
Кәсіпорын Қазақстан Республикасының экологиялық талаптарын қатаң сақтай отырып жұмыс істеп жатыр.
Қазіргі таңда кәсіпорында Күршім ауданы мен Маралды ауылының тұрғындары еңбек етуде. Өндіріс көлемінің артуына байланысты жұмыс орындары да көбеюде. Сонымен қатар, фабрика қоршаған ортаға зиян тигізбеу шараларына ерекше мән береді. Барлық жұмыстар ҚР экологиялық талаптарына сәйкес жүргізілуде, – деп атап өтті "MARALICHA" тау-кен компаниясы" ЖШС директорының орынбасары Айбек Әлібекұлы. – Біз реагент ретінде ST 500 пайдаланамыз. Егер басқа өндіріс орындарында 500-600 мл цианид қолданылса, біз небарв 25-30 мл реагент қолданамыз. Бұл технология өндірістің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.