Маусым айында Катонқарағай ауданында ұлан-асыр той болады
Алтай төрінде үш күн қатарынан ашық аспан астында ауқымды халықаралық фестиваль өтеді

Халықаралық ақындар айтысы, поэзия фестивалі, ұлттық спорт жарыстары, эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт жоспарланған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
13 маусым күні (сағат 11.00-12.30) Катонқарағай ауылындағы мәдениет үйінде Дидахмет Әшімханұлының шығармашылығына арналған ғылыми конференция, ал кешке (сағат 17.00-19.00) Топқайың ауылының өр жағы, Алтай тауының баурайында "Төр Алтай Қалиханы мен Дидахметін жырлайды" республикалық поэзия фестивалі өтеді.
14 маусым күні Катонқарағай ауылының ипподромында (сағат 10.00-16.00) "Алтай – алтын бесігім" халықаралық ақындар айтысы, артынша (сағат 18.00-20.30) "Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі" халықаралық музыка фестивалі, гала-концерт жоспарланған.
Бұл фестиваль барша түркі тілдес халықтардың басын қоспақ. "Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі" халықаралық фестивалінде қарақалпақ халқының терең тамырлы дәстүрлі ән өнерін сахнада жаңаша серпінмен жеткізіп жүрген талантты орындаушы Мұхаммед Төребеков, әлемге әйгілі көмеймен ән айту дәстүрінің дарынды өкілі, тыва халқының рухани мұрасын дәріптеуші Алексей Ховалыг, саха халқының терең дәстүрін, тербеткен үні мен табиғи әуезін бойына сіңірген Юлиана Кривошапкина, Алтай Республикасының еңбек сіңірген әртісі, дәстүрлі өнердің дара тұлғасы – Болот Байрышев, Халықаралық музыка сахнасында өзіндік стилімен танылған, жүрекке жол табар дауыс иесі, Қырғызстанның жарық жұлдызы Нұрайым Ақылбекова, Қазақстанның талантты әншісі, ұлттық ән өнерінің нәзік үні мен заманауи орындау мәнерін үйлестіре білген Құралай Мейрамбек өнер көрсетеді. Сондай-ақ, сахна мен экранда өзіндік стилімен танылып үлгерген, көрерменнің ықыласына бөленген талантты әртіс Қобыланды Болат та болады.
15 маусым күні Катонқарағай ауылының ипподромында (сағат 10.00-18.00) ұлттық ойындар – бәйге, көкпар, жамбы ату, теңге алудан спорттық сайыстар ұйымдастырылады.