Екі жүзге жуық адам Ұлан ауданындағы Қызылтасқа көтерілді
Бұл туристік шара Қасым Қайсеновтің 105 жылдық мерейтойына орайластырылған
Кеше Халық каһарманы – Қасым Қайсеновтің туғанына 105 жыл толды, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бүгін біздің аудан тарихында маңызды күн. Осыдан тура 105 жыл бұрын Асубұлақ ауылында Қасым Қайсенов дүниеге келген. Қасым ата тірі кезінде аңызға айналды, ол тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Украинада, Молдовада, Румынияда, Ресейде алыс және жақын шетелдерде танымал, әлі күнге дейін есте сақтап, құрметтейді, - дейді Ұлан ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев.
Аудан әкімі Ұлан жері - батырлар елі екенін атап өтті. Бұл топырақтан Кеңес Одағының 9 батыры және халық қаһарманы Қасым Қайсенов шыққан.
Аты аңызға айналған партизан, көрнекті жазушы, қазақ әдебиетіндегі партизан тақырыбының негізін қалаушы Қасым Қайсеновтің мерейтойына орай жергілікті әкімдік өңірге танымал кәсіпкер Мұхтар Тойбазаровпен бірге Қызылтас тауына тур ұйымдастырды. Облыс пен Қазақстанның әр түкпірінен келген 200-ден астам адам 900 метр биіктікке көтеріліп, жоғарыдан Ұлан ауданының табиғатын тамашалады. Бұл ішкі туризмді дамыту мақсатында өткізілген шара.
Қызылтас жай тау емес, бұл Ақбауыр алқабының үстіндегі ең биік тау. Қызылтас тауының етегіндегі Ақбауыр жазығы талай тарихи оқиғаларға куә. Ақбауыр жазығында әр дәуірге тиесілі заттай ескерткіштер көп. Бұл алқапта шамамен 3000 жыл бұрын жасалған пиктограммалар мен сызбалар бар.