Ұлан ауданындағы Айыртау тұрғындарын қандай мәселе мазалайды?
Айыртаудың орталық көшелеріне ғана ауыз су құбырлары тартылған. Ал тұрғындардың жартысы әлі күнге қысы-жазы суды ауыл шетіндегі құдықтан тасып отыр
Ұлан ауданындағы Айыртау ауылы Өскеменнен 35 шақырым жерде орналасқан. Ал ауылдық округтің өзінде 2169 адам тұрып жатса, Айыртау ауылында 1711 адам бар.
Ауыз суды құдықтан тасып әкеп отыр
Ауылдағы орталық көшелеріне орталықтандырылған су құбыры татырлған, ал қалған көше тұрғындары бұл игіліктен шет қалыпты. Әлі күнге дейін қысы-жазы суды ауыл шетіндегі өздері айтпақшы "аққұдықтан" тасып әкелуге мәжбүр.
Ауылда отырып ауызсуды арбамен тасып ішеміз әлі. Су тартылмаған. Тек орталық көшелерде ғана бар. Қалғанымыз қысы-жазы арба сүйрейміз. Құдықтың өзі ауылдың шетінде 2-3 шақырым жерде орналасқан. Жерасты суы, жұрт оны "Аққұдық" деп атайды. Суы таза. Тек алыс болып тұр. Кейде шамамыз келмей, ары-бері өткендерге ақшасын беріп әкелтеміз, – дейді ауыл тұрғыны Гүлшат Смағұлова.
Ауыл әкімі ауылдың 80%-ын ауызсумен қамтылғанын айтуда. Тек 3-4 көшеде ғана су жоқ.
Келер жылы ауылдағы су құбырларын жаңарту бойынша жұмыс жүргізуді жоспарлап отырмыз. Жоспарға сай барлық отбасы сумен қамтылатын болады, – дейді ауыл әкімі Дархан Кәдірұлы.
Жергілікті адамдар орталық көшедегі ауызсудың таза емес екендігін айтады. Сор татып, шәйнектің ішіне қақ тұрып қалатын көрінеді.
6 көшеде орталықтандырылған су бар. Басқа көшелерде жоқ. Бірақ басқа көшелерді де қамту жоспарда бар, - дейді Ұлан ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев. - Тартылған су құбырларына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 30 млн теңгедей қаражат бөлгенбіз. Себебі құбырлар жарылған болатын. Болашақта басқа көшелерге ауыз су құбырларын тарту үшін келесі бюджеттен қаржы қарастырамыз.
Ауылдың көркі қашып тұр
1990 жылдарға дейін елді мекеннің өмірі бұдан да қызғынды болған деседі ауыл халқы. Себебі сол жылдары ауылдағы құс фабрикасының дәурені дүркіреп тұрыпты. Кейін фабрика жабылып, жұрт үдере көшкен. Бұған ауылдағы қаңырап, қирап жатқан иесіз үйлер дәлел.
1996-1997 жылдары фабрика жабылып, ел ауылды тастап көшіп кетті. Қалғанымыз осы. Себебі күнкөріс қиындап кетті. Қазір орыны ғана қалды. Ескі үйлердің иелері бар. Кейбірін бұзып әкетіп жатса, кейбірі қирап үйіндіге айналды. Қайта жөндеуге келмейді. Көбі әлі тұр, қауіпті. Төбесі ортасына түсіп, ойылып жатыр. Балаларымыздың тағдырына алаңдаймыз. Кейде барып ойнап жүреді, – дейді ауыл тұрғыны Мұрат Мұхаметжанов.
Аудан әкімі Ренат Тілеуханұлы Айыртау ауылы "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы бойынша тірек ауылдардың ішіне кіріп тұрғанын айтады.
Былтыр ауылдағы көшелерді жарықтандыруға 30 млн теңге қаражат бөлінген, жолдарды жөндеу үшін 150 млн теңге қаражат бөлінген. Бұл жұмыстардың барлығы атқарылып, аяқталды. Сонымен қатар, жылдың аяғына дейін ауылда үлкен спорт кешенінің құрылысы аяқталады. Бұрын көпқабатты үйлер көп болған. Қазіргі уақытта 20-дан астап көпқабатты үйлер бос тұр. Ауылдың келбеті кетіп тұрғаны рас. Ауылда рекультивация жасап, барлығын тазалап алу жоспарда бар. Былтыр конкурс арқылы мердігер екі үйді бұзып, рекультивация жасады. Қалған үйлер де жасалады деп ойлаймын, - дейді аудан әкімі.
Ауылдың кіре берісіндегі көпір де, үш шақырым жолы да тозып тұр.
Көпір 1960 жылдардан бері жөндеу көрмеген. 8 тоннаны ғана көтереді. Оның үстіне, күн сайын тозып барады. Қайта жөндеу керек. Бір күні құлап кетуі әбден мүмкін. Әкімдікке бірнеше мәрте айттық, бірақ әлі істемеді. Бізде үлкен жолдан ауылға бұрылыстағы үш шақырым жол ол да тозып тұр. Қырық шұрық тесік. Осыны жөндеп берсе дейміз, – дейді Мұрат Мұхаметжанов.
Ауыл әкімі аталған көпірді ешкімнің баланысына кірмейтіндігін айтуда. Алдағы уақытта әкімдік өз қарамағына алмақшы.
Көпір апаттық жағдайда деп танылған жоқ. Оның үстіне әлі ешқандай мекеменің балансына кірмейді. Арнайы мамандар зерттеу жұмыстарын жүргізді, нәтижесі әлі шыққан жоқ. Енді осы көпірді ауыл әкімдігінің қарамағына алу бойынша жұмыстар жүргіземіз. Қазір көлік қатынасына қауіп төніп тұрған жоқ. Ал үш шақырым жолға келер болсақ, жуық арада шұңқырларды жамау жұмыстарын істейміз, – дейді Айыртау ауылдық округінің әкімі Дархан Төлеуханов.
Әкімшілік пен амбулатория бір ғимаратта
1990 жылдары әкімдікті больницаға көшіріп әкелген. Содан бері екі мекеме 30 жыл бір шаңырақ астында отыр. Бірақ бұл ғимараттың да тозығы әбден жеткен. Жергілікті халық екі мекемені бөлу керек деген ойда.
Кеңес өкіметі кезінде мына ғимараттың үсті стационар, асты больница болған. Әкімдіктің бұрынғы мекемесі тозған соң, осында көшірілген. Бұл аурухананың ғимараты негізі, акимат жартысын қолданып отыр. 1990 жылдары көшірілген, қазір заман өзгерді ғой, аурухана мен әкімшілік бірге тұрмауы керек. Оның үстіне, тозып тұр. Жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Қазір аурып келсек, қалаға жібереді. Себебі жағдай жасалмаған. Бұрын зертханасы бәрі болған, – дейді Ардагерлер кеңесінің төрайымы Гүлшат Смағұлова.
Белгілі болғандай, ғимаратты жөндеу мәселесі қарастырылып та жатыр.
Жөндеу жұмыстары келер жылы басталады. Бұл мақсатта 70 млн теңге бөлініп жатыр. Осыған дейін ішкі жөндеу жұсыстары жасалды, бірақ сыртқы жөндеу жұмыстары 8 жылдан бері жасалмады. Мамандарымыз жеткілікті, - дейді ауылдық амбулаторияның меңгерушісі Бұлбұл Ақсембықызы.
Ал аудан әкімі Ренат Құрмамбаев ауыл әкімшілігін көшіру мүмкін еместігін айтады.
Әкімшілік пен амбулатория орналасқан ғимарат орталық аурухана балансында. Әкімшілікті бөлек шығаратын болсақ, біріншіден - ғимараттың бір қабаты бос қалады; екіншіден – әкімшілікті көшіретін лайықты ғимарат жоқ. Ғимаратты өзім барып көрдім. Апаттық жағдайда емес, жөндеуге келеді. Қазір аудандық орталық аурухана есебінен қаржысы бөлінген. Аудандағы Айыртау және Герасимовка ауылдарындағы амбулаторияны жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат дайындалуда. Жылдың аяғына дейін мемлекеттік сараптаманы алғаннан кейін, келесі жылдың бюджетіне енгіземіз, - деді аудан әкімі.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындары дәріхананың жоқтығынан аудан орталығына немесе қалаға сабылатындарын айтады.
Ауылда дәріхананың жоқтығы рас. Бұрынғы істеген маман зейнетке шығып кеткен. Қазір ешкім жоқ, - дейді ауылдық амбулаторияның меңгерушісі Бұлбұл Ақсембықызы.