Ұлан ауданынның Украинка ауылындағы медпункте әлі дәрігер жоқ
Бір қарағанда Өскеменнің іргесінде тұрғанымен, мұндағы мәселе шаш етектен, шешілер түрі де жоқ
Ұлан ауданындағы Т. Тоқтаров ауылдық округіне қарасты Украинка ауылындағы медбикенің зейнет жасына байланысты жұмыстан шығып кеткенін, ауылға дәрігер қажет екенін ақпан айында да жазғанбыз. Арада жеті ай уақыт өтті, алайда бос тұрған орынға әлі маман табылмаған. Әрине, жағдайы жоқ ауылға жастардың келгісі де жоқ.
Сол кезде Ұлан ауданы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Санат Бекенұлы медбике мәселесі жуық арада шешім табады деген. Арада қанша уақыт өтсе де ауылдық округ әкімі әлі де үмітін үзбей отыр.
Дәрігердің жоқтығына келер болсақ, маман табылмай жатыр. Жастар келгісі келмейді. Жуық арада шешіліп қалады, - дейді округ әкімі Марат Дауенов.
Тұрғындардың айтуынша, шақыртқан жедел жәрдем уақытында келмейді. Ал негізі жедел жәрдем шақыртпас бұрын басы ауырып, балтыры сыздаған халықты фельдшер қарауы қажет. Ал әзірге украинкалықтар Герасимовкадағы ауруханаға барып қаралуға мәжбүр.
Тағы бір мәселе - ғаламтор. Ауылдық округке қарасты үш ауылға да ғаламтор тартылғанымен, Украинка ауылындағы интернет жылдамдығы өте нашар.
Ауылда интернет жоқ. Сеть ұстату үшін арнайы "тарелка" қойдыру керек. Бағасы удай қымбат. Жұмыссыз отырған біздің қалтамыз көтере бермейді. 75 000 теңге тұрады және ай сайын 6 500 теңге төлеу керек. Біздің ауылдың аяқ жағында тұратын балалар ағаштың үстіне шығып отырып сабақтарын орындайды. Мен осы жағдайды видеоға түсіріп алғанмын. Ата-аналары ауысымға жұмысқа кеткенде, балалар осы жерде отыр екен. Олардан неге ағашқа шығып алғандарын сұрағанымда олар "біз сабақ оқып отырмыз, интернет ұстамайды" деп жауап берді. Аудан әкімдігі осы мәселемізді шешіп берсе дейміз, - дейді ауыл тұрғыдарының бірі Инна Ивановна.
Аудан әкімдігі жыл басында жағдайда жақсарту үшін антенна қоюды қарастырып отырғандықтарын айтқан. Бірақ әлі нақты әрекет жоқ.
Тағы бір айта кететіні - тұрғындар мұнда қатынас көліктерінің дұрыс жүрмейтінін айтты. Мұндағылар діттеген жерге жолшыбай өткен көліктерге мінгесіп жетіп жүр.
Қаладағы жоғары оқу орындарының бірінде оқимын. Ауылға автобус дұрыс жүрмегендіктен Семейге бара жатқан көліктерге мінгесеміз. Жолдан түсіп қалып, 2 шақырымдай жаяу жүреміз. Жазда онша қиындық тудырмағанымен, қыста тоңып кетеміз, - дейді Айгүл Ілесқызы.
Одан бөлек, ауылдың шеткі көшелері де жаман, жаңбыр жауса тұрғындар балшық кешіп жүреді.
Ауылдағылар жастар жаппай көшіп жатыр деп налиды. Көшпегенде ше? Жастардың бос уақытын ұйымдастырар мәдени ошағы жоқ. Кітапхана сиқы да көңіл көншітпейді.
Ауылда клуб жоқ. Жастар түнде көше кезіп жүреді. Мәдени шараларды көбінесе мектепте өткіземіз. Мәселемізді айта-айта жалықтық. Балалар ойын алаңы бар болатын. Оның да әбден тозығы жетті. Шөп басып, қирап жатыр, - дейді ауыл тұрғыны Анна Хайдина.
Округ әкімі барлық мәселені жіпке тізіп, ауданға өтінім берген. Бірақ қашан шешілетіні белгісіз.
Қалған мәселелердің барлығын жоғарыға өтінім беріп қойғанбыз. Бірақ аудан әкімдігі қаржылық қиындықтарға байланысты осы жылы істелмейтіндіктерін айтты, - дейді округ әкімі Марат Дауенов.