Ұлан ауданында жаңа музыка мектебі ашылды
Қасым Қайсенов кентіндегі заманауи жаңа музыка мектебі 500 балаға арналған

Ашылу салтанатына ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Бұл мектептің ашылуы – Ұлан ауданы үшін маңызды оқиға әрі шығармашылыққа бейім балалардың қабілеттерін дамытып, өнерге деген қызығушылығын арттырып, сапалы білім алуына үлкен мүмкіндік, – деді министр. - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында қосымша білім беруді өсіп келе жатқан ұрпақтың жан-жақты тәрбиесінің негізгі элементі ретінде дамыту қажет екенін атап өтті. Ол білім мен тәрбие қатар жүруі тиіс екенін айтты. "Адал азамат" бағдарламасы – ұлттық құндылықтарға сай адал әрі білімді ұрпақ тәрбиелеудің негізі болады.
Шығыс Қазақстан облысы балаларды қосымша біліммен қамту бойынша республикада алдыңғы қатарда – бұл көрсеткіш 94%-ды құрайды.
Жаңа музыка мектебінде 500-ден астам бала домбыра, скрипка, фортепиано, жетіген, шертер, қылқобыз, гитара аспаптарында ойнауды үйреніп, хореография, вокал, театр өнері және басқа да бағыттарда білім ала алады.
Бұл – балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, өнерге баулитын ерекше білім ордасы болады, – деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов. - Халықаралық, республикалық және облыстық байқауларда жоғары жетістіктерге жете беріңіздер!
Жаңа мектеп ғимаратында заман талабына сай жабдықталған 14 оқу кабинеті бар.126 орындық концерт залында ұзындығы 9 метр, биіктігі 4 метр болатын LED-экран орнатылған. Бұл мәдени және оқу іс-шараларын жоғары деңгейде және көп көрерменнің қатысуымен өткізуге мүмкіндік береді.