Ұлан ауданында жаңа емхана салынып жатыр
Қасым Қайсенов кентінде жаңа үш қабатты заманауи емхананың құрылысы жүріп жатыр

Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының 70%-ы аяқталған, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Облыстық құрылыс басқармасының мәліметіне сүйенсек, нысан 2025 жылдың қараша айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жаңа медициналық мекеме күніне 150 адамды қабылдауға қауқарлы болады. Мұнда кеңес беру-диагностикалық және алдын алу бөлімшелері, сондай-ақ күндізгі стационар палаталары қарастырылған.
Жаңа емхана Ұлан ауданының тұрғындарына қызмет көрсететін болады. Қазіргі таңда емханаға тіркелген халық саны 29 498 адамды құрайды.
Құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Біз бұл әлеуметтік маңызы зор жобаның сапалы әрі мерзімінде аяқталуын қамтамасыз етуге жауаптымыз. Бүгінде ғимаратқа жылу жүйесі мен сумен жабдықтау жүйесі тартылды, терезелер мен есіктерді орнату жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ қабырғалар мен едендерді қаптау бойынша әрлеу жүріп жатыр. Көктемде медициналық мекеме айналасын абаттандыру басталады, - деп мәлімдеді мердігер ұйым өкілдері.
Жаңа емханада флюорография, рентген, маммография, эндоскопия кабинеттері, сондай-ақ медицинадағы әр сала мамандарының кабинеттері (оториноларинголог, офтальмолог, дерматолог, невропатолог, кардиолог, онколог, акушер-гинеколог, хирург, травматолог, фтизиатр, жалпы тәжірибелік дәрігерлер) жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, зертханалық диагностика бөлімі де ашылып, онда микробиологиялық, серологиялық және жалпы клиникалық зерттеулер жүргізіледі.