"Шығыс Салбұрыны" фестиваліне Венгрия мен Испаниядан құсбегілер келеді
10-14 қазаны аралығында Ұлан ауданы Бозанбай ауылының маңындағы Бүркіт төбеде дәстүрлі "Шығыс салбұрыны" халықаралық бүркітшілер фестивалі өтеді
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев фестиваль дайындығын бағамдап қайтты, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
"Шығыс Салбұрыны" фестиваліне республиканың басқа облыстарынан, соның ішінде шет елдерден, атап айтқанда Моңғолиядан, Венгриядан, Ресейден, Испаниядан, ҚХР-дан барлығы 130-дан астам өкіл қатысады. Негізгі іс-шаралар 11-12 қазанға жоспарланған. Қонақтар саны 4000-нан 5000-ға дейін жетеді деген болжам бар. Бүркіт төбеде киіз үй қалашығы (20-дан астам киіз үй) бой көтеріп, онда туристерді бүркіттер мен сұңқарлардың қызықты сайыстары ғана емес, сондай-ақ, көптеген ойын-сауық (түйемен серуендеу, алтыбақан, садақ ату және т.б.) күтетін болады.
Облыс әкімінің айтуынша, Шығыстың туристік брендіне айналып, дәстүрлі түрде өтіп отырған аталмыш фестиваль жыл сайын ауқымын кеңейтіп, деңгейін өрлете түсуі тиіс.
Жарыс бағдарламасында түрлі санаттағы бүркіттер мен сұңқарлар сайысы, "тазы" тұқымындағы жүйрік иттердің жарысы, "жамбы ату" және "теңге ілу" додалары бар.