Жарма ауданы Республика күнін кең көлемде атап өтті
Биыл 25 қазан – барлық өңірде ұлттық мереке, Республика күні ретінде аталып өтуде
1990 жылы 25 қазанда Республиканың Жоғары Кеңесі еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде дамуына құқықтық негіз қалаған Декларацияны қабылдады.
Атаулы күнге орай, Қалбатау ауылындағы орталық алаңда мәдени және спорттық шаралар өтті. Оған аудан басшысы Жарқынбек Байсабыров қатысып, жұртшылықты мерекемен құттықтады.
Концерттік бағдарлама аясында мәдениет саласының қызметкерлерімен қоса, ақ жаулықты әнші әжелер, жастар мерекелік сахна төрінде өз өнерлерін көрсетіп, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Сондай-ақ, мерекеге жиналғандар кір тасын көтеру, арқан тарту, қол күресі бойынша сайыстарды тамашалады.
Республика күніне орайлас келген кітапханашылардың кәсіби мерекесіне орай, тұрғындарға мәдени қызмет көрсетуде жетістіктерге қол жеткізген бірқатар кітапхана мамандарына құрмет көрсетілді. Осы салада ұзақ жылдар табысты еңбек еткен Фарзия Жолдыбалинова Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы атынан «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісімен марапатталды.