Глубокое ауданында кәріз суы өзенді ластаған
Белоусовка кентіндегі коммуналдық кәсіпорынның тазартылмаған кәріз суы Глубочанка өзеніне құйылып жатыр
Бұған Глубокое ауданның тұрғындары наразы, деп хабарлайды Устинка LIVE ШҚО Экология департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйеніп.
Тұрғындар "Теплоэнергия" КМК-ның суды ластауына қарсылық танытып, облыстық Экология департаментіне шағымданыпты. Соған орай мекемеге жоспардан тыс тексеру жүргізіп, сынама алған.
Нәтижесінде, тұрғындардың шағымы расталды. Тазарту құрылғыларына жөндеу жұмыстарының жүргізілмеуі, коммуналдық мекеменің нашар материалдық-техникалық жарақтандырылуы осындай жағдайға әкеліп соққан. Глубочанка өзеніне құйылып жатқан судан алынған сынаманы химиялық зерттеу барысында хлоридтер рұқсат етілген шекті деңгейден 1,4 есе, сульфаттар 1,5 есе, аммоний тұзы 33 есе, нитриттер 4,4 есе және фосфаттар 12,1 есе асып кеткені анықталды, - дейді облыстық Экология департаментінің баспасөз қызметі.
Аталған бұзушылықтарды жою мақсатында мекемеге тазарту құрылғыларының техникалық жағдайын бағалау және олқылықтардың орнын толықтыру бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеу қажеттігі туралы ұйғарым шығарылды.